Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мұрагерлерге төлеу және азаматтықтан айырылған жағдайда мақсатты жинақтарды есепке алу тәртібі өзгерді. Үкімет 23 желтоқсанда тиісті қаулы қабылдап, мақсатты талаптарды қалыптастыру мен төлеу қағидаларына бірқатар түзету енгізді.
Құжатқа сәйкес, енді мақсатты талаптардың жалпы сомасы былай есептеледі: есепті жылға жоспарланған сомаға алдыңғы жылдардан жиналған қаражат пен олардың инвестициядан түскен орташа табысы қосылады. Ал өткен жылдары Ұлттық қордан алушыларға нақты төленген жыл сайынғы төлемдер осы сомадан шегеріледі.
Сонымен қатар, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» (БЖЗҚ) мемлекеттік «Жеке тұлғалар» дерекқорынан азаматтың тууы, қайтыс болуы, азаматтық алуы немесе одан шығуы, деректердің өзектендірілуі туралы мәліметтерді автоматты түрде алатын болады. Осы ақпарат негізінде қор мақсатты талаптарға қатысушылардың электрондық тізімін қалыптастырады.
Жаңа талаптарға сәйкес, БЖЗҚ электрондық тізімге:
— мемлекеттік дерекқордағы «азаматтығы» жолында «Қазақстан» деп көрсетілмеген тұлғаларды «Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған немесе шыққан тұлғалар» санатына;
— «өмір сүру мәртебесінде» «қайтыс болған» деп белгіленген азаматтарды немесе сот шешімімен қайтыс болды деп танылғандарды «қайтыс болғандар» санатына енгізеді.
Сонымен бірге мақсатты талаптарға қатысушылардың жалпы саны қалай есептелетіні нақтыланды. Атап айтқанда, 2023 жылдың соңындағы қатысушылар саны электрондық тізім негізінде беріледі және оған 2023 жылдың соңына дейін қайтыс болған немесе сот шешімімен қайтыс деп танылған тұлғалар кірмейді.
Электрондық тізімді қалыптастыру және тексеру мерзімдері де нақты белгіленді. БЖЗҚ жыл сайын есепті жылдан кейінгі алғашқы айдың 20-сынан кешіктірмей, 31 желтоқсандағы жағдай бойынша жаңартылған деректерді ескере отырып, қатысушылардың электрондық тізімін жасайды. Бұл тізім электрондық үкімет инфрақұрылымының операторына верификациядан өткізу үшін жолданады. Оператор деректердің дұрыстығын үш жұмыс күні ішінде растайды. Егер соңғы мерзім демалыс күніне сәйкес келсе, ол келесі жұмыс күнімен есептеледі.
Осы рәсімдер аяқталғаннан кейін БЖЗҚ үш жұмыс күні ішінде Ұлттық банкке мақсатты активтер шотына қаражат аудару жөнінде өтінім жолдайды. Қаражат 18 жасқа толған немесе сол жылы 18 жасқа толатын қатысушыларға, есепті жылы қайтыс болғандарға, сондай-ақ бұрын есепке алынбаған, бірақ қатысуға құқығы болған балаларға тиесілі мақсатты жинақтар көлемінде аударылады.
Азаматтықтан айырылған жағдайда не өзгереді
Қаулыға сәйкес, Қазақстан азаматтығынан айырылған немесе одан шыққан тұлғаларға қатысты қаражат мақсатты талаптар сомасынан алынып тасталады. Егер есепті жыл ішінде «жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан азаматтықтан айырылу, деректердің жаңартылуы немесе қатысу құқығының болмауы туралы ақпарат түссе, мұндай тұлға төлем алу құқығынан айырылады. Бұл жағдайда оның мақсатты талаптары мен жинақтары өзге қатысушылар арасында қайта бөлінеді, ал мақсатты жинақтау шоты жабылады.
Мұрагерлер зейнетақы жинағын қалай ала алады
Құжатта қайтыс болған қатысушылардың және жалпы алушылардың мұрагерлеріне төлем жасау тәртібі де нақты көрсетілген. Ол үшін мұрагерлер БЖЗҚ-ға жеке жүгініп, мынадай құжаттарды ұсынуы тиіс:
— өтініш;
— жеке басын куәландыратын құжат;
— мұрагерлікке құқықты растайтын құжат немесе заңды күшіне енген сот шешімі;
— уәкілетті операторда ашылған банк шотының деректемелері.
Төлемге өтініш тек мақсатты талаптар БЖЗҚ-дағы тиісті мақсатты жинақтау шотына есептелгеннен кейін ғана қабылданады.
Қор өтінішті қабылдаған соң «жеке тұлғалар» дерекқорынан қатысушының немесе алушының қайтыс болғаны туралы мәліметтерді сұратады. Егер мақсатты жинақтау шоты болмаса немесе қайтыс болу фактісі расталмаса, БЖЗҚ өтінішті сол күні қабылдаудан бас тартып, жазбаша түрде хабарлама береді.
Өтінішті сенім білдірілген тұлға немесе заңды өкіл арқылы беруге де болады. Бұл жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат, жеке басын куәландыратын құжаттар және өкіл мәртебесін растайтын құжаттар ұсынылуы тиіс. Ал құжаттар пошта арқылы жолданса, жеке куәлік көшірмелері мен өтініш иесінің қолы тұрған құжаттар тұрғылықты елінде нотариалды куәландырылуы қажет.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов БЖЗҚ-дан бұл жинақты алмау абзал екенін айтқан еді.






