Қазақстанда жылқы шаруашылығы институты құрылады

228

0

Фото: Жетісу облысы әкімдігі

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырды.

«Қазақстанда жылқының бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр», — деді Президент.

Мемлекет басшысы Қостанай жылқысы да мықты екенін, алайда, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрғанын, небәрі 280 бас қалғанын айтты.

«Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру — маңызды міндет. Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылдадық. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Мен Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырамын. Білікті мамандар мұны көптен бері айтып жүр. Құзырлы органдар қысқа мерзім ішінде осы мәселені пысықтап, қаржы көздерін нақтылауы керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<