Қазақстандық азамат депозитке салған ақшасын ала алмай қалған

107

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Әлеуметтік желіде қазақстандықтар депозит шотындағы қаржысын ала алмай қалғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Syrboyi.kz. Олар қаражаттың қайдан келгенін дәлелдейтін құжаттарды көрсетуге мәжбүр болған. Stan.kz ақпарат агенттігі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласып, азаматтардың не себепті мұндай жағдайға ұшырауы мүмкін екенін, банктер қандай кезде ақшаның қайдан келгенін растайтын анықтаманы талап ететінін сұрап білді. 

Әлеуметтік желі қолданушысының бірі Сырым Гайсин ипотека арқылы пәтерін сатқан, оның ақшасы банк картасына түскен. Кейін ол қаражатын депозит шотына аударған. Біраз уақыттан соң Сырым өзіне жылжымайтын мүлік сатып алу үшін шоттағы ақшасын шешіп алмақ болған. Дегенмен банк одан қаржының қайдан келгенін растайтын құжатты, қайда жұмсалатынын сұраған. Ол мұндай шаралар мәселені қиындататынын, қажетсіз екенін жазған. 

Қашан және не үшін ақшаның шығу тегін растау қажет?

Агенттіктің айтуынша, Қаржы мониторингі мен банктер шоттарға түсетін немесе шоттан алынатын ақшаның заңсыз мақсаттарда қолданылмауын қадағалауға міндетті. Сондықтан олар клиенттен жеке басын және ақшаның қайдан келгенін растайтын құжаттарды сұратуы мүмкін. Бұл – «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңды орындауға байланысты атқарылатын шара. Клиенттер оны ұсынуға міндетті.

Бұл шара барлық жағдайда қолданылмайды. Клиент «төмен тәуекелді» санатқа жатса, құжаттарын тексермеуі мүмкін. Ал егер банк клиентті «жоғары тәуекелді» топқа жатқызса немесе ол лимиттен асып кететін сомадағы қаржыны шешіп алуға тырысса, банк оның құжаттарын тексеру үшін ақшаны шешіп алу сомасына шектеу қоя алады. Банк клиенттің тәуекел деңгейіне қарай құжатсыз шешіп алуға болатын сома мөлшерін өзі белгілейді. Әр банктің мұндай лимиттері өз ережелерінде көрсетілген.

«Клиенттің қай тәуекел тобына жататыны оның қай елден болғанына, қандай қызметпен айналысатынына, банктің қандай қызметінін қолданатынына және тағы басқаға байланысты», – дейді агенттік.

Қандай құжаттарды ұсыну қажет?

Банктерде ақшаның шығу көзін растайтын құжаттардың тізімі болады. Құжаттардың ішінде жалақы, дивидендтер, пәтер, көлік құралын сатып алу-сату мәмілелері туралы анықтама болуы мүмкін. Банк нақты жағдайға байланысты тиісті құжаттарды сұратады.

«Құжаттарды қарау мерзімі заңнамалық талаптар шеңберінде банктің ішкі ережесі бойынша белгіленеді», – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. 

Клиент ақшаның қайдан келгенін растай алмаса, банк операцияны орындаудан бас тартуға құқылы. Бірақ бұл жағдайда шот бұғатталмайды — бұл тек заңды сақтау мақсатындағы сақтық шарасы.

Талаптар мен тексерулер туралы ақпарат банктердің ресми сайттарында орналастырылады. Клиенттер депозит ашпай тұрып, осы шарттармен таныса алады.

«Банктер заң аясында әрекет етеді және заңсыз операциялардың алдын алуға тырысады. Алайда, ірі сомаларда аударғанда құжаттар қажет болуы мүмкін екенін есте ұстаған жөн», – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<