Қазақстандық бірнеше несие алып, ақшаны жұмсап, полицияға алаяқтық бойынша шағым түсірген

220

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Ақмола облысында әйел атына алаяқтық жолмен несие рәсімделгенін айтып полицияға жүгінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агнеттігі хабарлайды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, осы жылдың қаңтар айында 41 жастағы жергілікті тұрғын өзінің атына заңсыз несиелер рәсімделгенін айтып полицияға арызданған.

Әйелдің айтуынша, ол мұны  банктер мен микроқаржы ұйымдары қызметкерлерінің қоңырауларынан білген. Ол ешқандай несие алмағанын айтып, белгісіз алаяқтардан күдіктенген.

«Тергеу барысында барлық несиені оның өзі алғаны анықталды. Әйел несие қаражатының бір бөлігін бұрынғы қарызын өтеуге, қалғанын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Нәтижесінде қылмыс құрамы жоқ екені анықталды. Алайда арызданушының әрекеті Қылмыстық кодекстің қылмыс туралы көрінеу жалған хабарлау бабына жатқызылды. Кейін қылмыстық іс оңалтуға жатпайтын негіздер бойынша жабылды», – деп хабарлады полиция.

Полицейлер қылмыс туралы жалған мәлімдемелер жасау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқытаратынын ескертті. Ведомство, сондай-ақ, қиын қаржылық жағдайға тап болған қазақстандықтарды полициядан көмек сұрамай, банктерден немесе қарызды қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру бойынша мамандардан кеңес алуға шақырды.