Қазақстандық оқушылар Байқоңырға жолдама алды

702

0

«Байқоңыр» ғарыш кешенінде жұмыс сапарымен жүрген ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ғарыш айлағынан кеменің ұшырылуын бақылауға келген қазақстандық оқушылармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғарыш кемесінің ұшырылуын көру және министрмен кездесу мүмкіндігі он бір қазақстандық оқушыға бұйырған. Олардың барлығы – техникалық ғылымдар бойынша республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары.

Белгілі болғандай, министрлікке техникалық дарынды балаларды аты аңызға айналған «Байқоңыр» ғарыш айлағына саяхаттауға ынталандыру туралы ұсынысты Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Сайын білдірген. Бұл бастама қолдауға ие болып, балалар ғарыш кемесінің ұшырылғанын көріп қана қоймай, министр Бағдат Мусин, ғарышкер Айдын Айымбетов, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртаймен кездесіп, әңгімелесті.

Балалар «Байқоңырға» жасалған танымдық бағдарламаның шарықтау шегіне айналған старттан алған тамаша әсерлерімен бөлісті.

«Бұл саяхат – біз үшін шын мәнінде зор сыйлық. Жаңа жеңістерге, білімге, қазақстандық ғарыштық технологияларды, ең алдымен «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамытуға ынталандыру», – деді Алматы қаласынан келген 11-сынып оқушысы, «Жер және Ғарыш туралы ғылым» республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы Камиля Жұмабаева.

Спутниктер тобы бар «Союз 2.1б» зымыран-тасығышы бүгін, 9 тамызда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 11:52-де ұшырылды. Барлық ғарыш аппараттары мақсатты орбитаға шығарылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<