Қазақстандық мектептерде қысқы каникул күнтізбелік 10 күнге созылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқушылар 30 желтоқсаннан 2025 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда демалады. 9 қаңтар сабаққа келеді.
Оқу-ағарту министрлігі каникул кезінде де іс-шаралар өтетінін мәлімдеді.
«Мектеп оқушыларының қысқы демалыс кезінде тиімді және қауіпсіз жүріс-тұрысы мен тұлғалық дамуы үшін «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары әзірленді. Мектептің іс-шаралар жоспарына оқу, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар кіреді», – делінген хабарламада.
«Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру шеңберінде – «Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқымыз» мектепішілік іс-шара;
Театр фестивальдері мен қойылымдары;
Жаңа жылдық әшекейлерді жасау бойынша шеберлік сабақтары;
Қауіпсіздік сабақтары;
Мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
Спорттық ойындар, коньки тебу, шаңғы тебу;
Қайырымдылық шаралары және т.б.
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі. Осы орайда балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, мектептерде ішкі тәртіп ережелерін сақтау, көшедегі қауіпсіздік шараларын сақтау, үйдегі өрт қауіпсіздігі мен киберқауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударылып жатыр. Бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыныстар ретінде жіберіледі», – деп түсіндірді министрлік.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<