Қазақстандық педагогтерді атестаттау жүйесі жетілдіріліп жатыр

670

0

Фото: ҚазАқпарат

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтерді аттестаттау жүйесін жетілдіру жұмысы басталды. Атап айтқанда, Ұлттық платформа базасында педагог қызметінің нәтижелерін қалыптастыру процесі автоматтандырылуда. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінде өткен аппарат отырысында айтылды, деп жазды Kazinform.

Аттестаттау тәртібіне өзгерістер енгізу мақсатында осы жылдың мамыр айында жұмыс тобы құрылып, оның құрамына білім берудің әр деңгейі бойынша педагогтер мен сарапшылар кірді. Бiлiм берудiң барлық деңгейлері мен педагогикалық лауазымдардың ерекшелiктерiн анықтау бойынша жұмыстар жүргiзiлдi. Нәтижесінде әр білім деңгейі бойынша жеке лауазым санаты үшін бағалау критерийлері мен тиімділік көрсеткіштері әзірленді. Әр біліктілік санаты үшін белгіленген критерийлер сараланды. Бұдан басқа, сабақты бақылаудың автоматтандырылған түрі әзірленді, ол нақты сабақ мысалында сынақтан өткізілді.

«Атестатталатын педагог платформадағы өзінің жеке кабинеті арқылы аттестациядан өтуге өтінімді өз бетінше бере алады, мұнда интеграциялық әдіс қолданыла отырып, мұғалімнің жеке деректері, білім алушылардың оқу үлгерімі мен білім сапасы, олимпиадалар мен жобалардағы нәтижелері, біліктілікті арттыру курстары, ПББ нәтижелері және т.б. ақпараттар жинақталған. Сондай-ақ, педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталды. Педагогтің кәсіби шеберлігі тек оқытылатын пәні бойынша және ол өз санатын модератор мен сарапшы дәрежесіне көтеруге өтініш бергенде ғана бағаланатын болады. Жоспарланған жаңа өзгерістерге сәйкес, педагогтің жоғары кәсіби деңгейі мен табысты қызметі оқушыларының жетістіктеріне тікелей байланысты болмақ», – деді орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.

Айта кетейік, педагогтерді аттестациялаудың жаңартылған жүйесі 2024 жылдың қаңтар айынан бастап еліміздің төрт облысында: Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске қосылады. Жобаны толық іске асыру 2024 жылдың көктемінде басталады деп жоспарлануда.

Аппарат кеңесінің соңында министр Ғани Бейсембаев түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша бірқатар тапсырмалар беріп, еліміздің әрбір өңірінде ақпараттық жұмыстарды кеңінен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<