Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақстандық жеңіл атлет Давид Ефремов 110 метрге кедергілер арқылы жүгіру сайысында ереже бұзғаны үшін (уақытынан бұрын бастап кету) жарыстан шеттетілді.
Ол бүгін 110 метрге кедергілер арқылы жүгіру сайысынан жұбаныш кезеңінде сынға түсуі керек болған. Алайда, фальстарт (уақытынан бұрын бастап кету) жасап, дисквалификация алып қалды. Осылайша жартылай финалдық кезеңнен тыс қалды.
Айта кетейік, бүгін 7 тамызға қараған түні тағы бір жеңіл атлетіміз Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру бәсекесінің финалдық кезеңінде сынға түседі.
Сонымен қатар боксшы Назым Қызайбай жартылай финалда қытайлық боксшымен сынға түседі. Осыған дейін оның қарсыласы туралы жазған болатынбыз.
Естеріңізге сала кетейік, Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 11 тамызда мәресіне жетеді. Ойынға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысып жатыр.
Олимпиадашылар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.
Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль бар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<