Қазақстандықтар елорда күніне орай төрт күн демалады

712

0

Фото: Қазақпарат

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылғы демалыс күнін ауыстыру туралы қаулы жобасын дайындады. Аталған құжатқа сәйкес, елорда күніне орай қазақстандықтар төрт күн қатарынан демалмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Демалыс күні 2023 жылғы 1 шілде сенбіден 7 шілде жұмаға ауыстырылады. Қаулы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі», – делінген құжат мәтінінде.

Сондай-ақ, министрлік құжатында ҚР Еңбек кодексінің 85-бабының 3-тармағына сәйкес мереке күндері және кодекстің 84-бабының 5-тармағында көзделгендей жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында Үкіметтің демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыруға болатындығы айтылған.

Аталған өзгерістер мемлекет бюджетінен қаржы талап етпейді. Сонымен қатар қаулы жобасын қабылдаудың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кері әсері жоқ немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды.

Яғни, бес күндік жұмыс аптасында қазақстандықтар төрт күн қатарынан демалады: 6,7,8,9 шілде. Аптаның алты күні жұмыс істейтін азаматтар 6,7 және 10 шілде күні демалады.

Қаулы жобасын ашық талқылау 15 наурызға дейін «Ашық НҚА» порталында жалғасады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<