Қазақстандықтарға кредит алмауға көмектесетін кеңселер ашылады

510

0

Фото: freepik.com

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру мәселесі бойынша кеңес өткізді. Кazinform бұл туралы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Жоба аясында кеңселер ашылады:

барлық облыс орталықтарында;

республикалық маңызы бар қалаларда.

Орталық кеңсе Астана қаласында орналасады.

Аталған алаңдарда консультативтік-кеңесші топтар құрылады, олардың құрамына қаржы бойынша тәуелсіз кеңесшілер, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері және жеке сот орындаушылары кіреді.

Жобалық кеңселердің мақсаты:

азаматтарға банктер мен шағын қаржы ұйымдары алдындағы мерзімі өткен берешектерді реттеу бойынша кеңес беру;

бизнесті жоспарлауға көмек көрсету;

жұмысқа орналасуға жәрдем беру;

мектептердің, колледждердің және жоғары оқу орындарының оқытушыларын қаржы және құқық сауаттылығына үйрететін оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу және мамандарды даярлау.

Ұсынылған мәліметке сүйенсек, халықтың одан әрі қарыз алуына жол бермеу, борыштық жүктеменің өсуін шектеу, қаржы нарығындағы алаяқтық фактілерін азайту, атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін заңнаманы одан әрі жетілдіру арқылы жүйелі шаралар қабылданатын болады.

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру туралы» Заңы аясында осы жылдың 3 наурызы мен 11 қазаны аралығында қазақстандықтардан соттан тыс банкроттыққа 68,3 мың өтініш түскен. Олардың 55,2 мыңы бойынша азаматтар 1414 нөміріне SMS хабарлама жіберу арқылы осы тәртіпті қолданудан бас тарту туралы хабарлама алды.

5,7 мың азаматқа қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі жүргізіліп жатыр, 1,2 мың өтініш қаралуда. 5,2 мың азамат банкрот деп танылып, олардың жалпы берешегі 8 млрд теңгеден асты.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының маңыздылығын және оны еліміздің барлық аймағында кеңейту қажеттігін атап өткен болатын. «Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты – азаматтарға қаржылық және құқықтық білікті көмек көрсету, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, азаматтардың банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша проблемалық қарыздарын шешуге көмектесу.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<