ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қазақстан арқылы басқа елдерге өтіп жатқан Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтарына қатысты деректерді айтты, деп хабарлады Қазақпарат.
«Қазір елімізге Өзбекстанның 1 млн 73 мың азаматы кірсе, 982 мыңы кеткен. Бұл – жыл басынан бергі көрсеткіш. Былтырғы көрсеткіш бойынша да олар көш бастады: 5 млн 396 мың азамат келіп, 5 млн 373 мыңы кеткен. Негізінен, Өзбекстан азаматтары біздің ел арқылы көрші елдерге өту үшін кіреді», – деді И.Лепеха Сенаттағы баспасөз мәслихатында.
Министрдің орынбасары Тәжікстан азаматтарына қатысты осындай мәліметтерді жариялады.
«Тәжікстан азаматтарына тоқталсақ, жыл басынан бері 218 мың 500 азамат келіп, 213 мың 726 адам кеткен. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Тәжікстанның 710 азаматы жауапқа тартылып, 195 адам елден шығарылды», – деді Игорь Лепеха.
Сонымен қатар ол елімізде қай мемлекеттердің азаматтары жиі келетінін нақтылады. Олардың қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Қытай азаматтары бар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<