Қазақстанның 17 миллионыншы тұрғыны Алтынбек 10 жасқа толды

868

0

Фото: Гүлмира Сапарбаеваның жеке мұрағатынан

Қазақстанның 17 миллионыншы тұрғыны Алтынбек Есқара 10 жасқа толды, деп хабарлайды Kazinform.

Алтынбек бүгінде Шымкент қаласындағы Оразбай атындағы № 115 мектептің бесінші сыныбында оқып жүр. Мектебіндегі үздік оқушылардың бірі ол пәнаралық сайыстар мен спорттық жарыстарға үнемі қатысады. Оның болашақ арманы – өскенде дәрігер болу.

«Қуанышты хабарды естіп қуанып отырмын. Артымнан ерген 20 миллионыншы қазақстандықты шын жүректен құттықтаймын. Елін сүйген азамат болып өсе берсін» – деген тілегін жеткізді ол.

Алтынбектің әкесі Мұрат мал шаруашылығымен айналысады. Ал, анасы Гүлмира ағылшын тілінен сабақ береді.

«Бүгін Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны дүниеге келіпті. Баршамыз қуанып жатырмыз. Менің Алтынбегім өмірге келген сәтінде де дәл осылай ел болып қуанған едік. Бүлдіршіннің бауы берік болсын. Ата-анасының қуынышын жақсы түсінемін. Алтынбегім 10 жасқа толды. Үлгілі ақылды болып өсіп келеді», – деді Гүлмира Сапарбаева.

Қазір Мұрат пен Гүлмираның отбасында 5 бала бар. Алтынбектен соң, Айбек есімді сәби дүниеге келген. Оның жасы 2-ден асты. Одан бөлек, Нұрбек, Жәнібек, Асылбек есімді ел қорғайтын жігіттер өсіп келеді.

«Бәрі де бауырмал, бір-біріне қамқор. Бірінің соңынан бірі өсіп келеді. Еліміздің демографиясының өсуіне үлес қосып жатқанымызды мақтан тұтамын», – дейді Алтынбектің анасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<