Қазақстанның қай өңірлері ішімдікті көп ішеді – статистика

475

0

Фото: Pexels

Қазақстандықтардың арақ-шарапқа жұмсайтын шығыны 13% артқан. Бұл ретте елде сыра ішу азайып, арақ пен коньякке сұраныс көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат energyprom.kz ресурсына сілтеме жасап.

Қазақстанда алкоголь нарығы өсіп келеді, бұл спиртті ішімдіктерді сату көлемінің артуына тікелей байланысты. Бірінші жартыжылдықта ел дүкендерінен 2,4 есе көп коньяк және 29,4% көбірек арақ, түрлі ликер мен шарап сатып алынған.

Ұлттық статистика бюросының мамандары шампан (-3,2%) мен сырадан (-6,2%) басқа барлық позициялар бойынша өсімді байқап отыр.

Барлық сатып алынған (шамасы ішілген) алкоголь көлемі 425,7 миллион литрге жетеді. Бұл көрсеткіштің 80% сыраға тиесілі: барлар, дүкендер мен мейрамханалар 347,8 миллион литр сыра сатқан.

Өткен жылы ҚР аумағында алкоголь сату көлемі күрт өскен еді. Онда арақ бірден 2 есеге, коньяк – 73,5%-ға сатылды. Бұл ретте ресейліктердің екі көші-қон толқынынан басқа тұтынудың айтарлықтай өсуіне ықпал ететін себеп болмаған.

Ұлттық статистика бюро деректеріне сүйенсек, Қазақстан спирттік ішімдіктерді өндіру бойынша ішкі нарықтың қажеттілігін жаппайды. Мысалы биыл бірінші жартыжылдықта отандық спирт зауыттары сатып алу сұранысын 87,2%-ға қанағаттандыра алды.

Барлық сатып алынған коньяктың әрбір екінші бөтелкесінде Made in Kazakhstan жапсырмасы болған. Қазақстандық өндірушілер дүкендерге көбірек өнім жеткізе алар еді, бірақ олар өз бизнесін ішінара экспортқа бағыттайды. Елде өндірілген коньяктың үштен бірі (28,7%) шетелге кетеді.

Шарап өндірушілер сатудың экспорттық бағыттарын әлі игерген жоқ. Өндірілген шараптың барлық көлемі Қазақстанда қалады және импорттық жеткізушілермен бәсекені жалғастыруда.

Елдегі сатылымның 34,4%-ы шетелдік шарап компанияларына тиесілі. Бұл сусынның біздің елге ең ірі экспорттаушылары – Грузия мен Италия. Грузия мен Италия шараптарының дәмі үшін Қазақстан жарты жылда 12 млн АҚШ долларын жұмсаған.

Қазақстандықтар негізінен жергілікті сыраны ішеді – ішкі нарықтың 88,3%-ын отандық сыра қайнатушылар алады. Еліміздегі ең ірі сыра өндірушілер – Шымкент сыра қайнату зауыты, қарағандылық Efes Kazakhstan, алматылық Caspian және Carlsberg Kazakhstan, қостанайлық «Арасан», Лисаковскідегі «Алтын өмір» және басқалары.

Қалған қажеттілікті импорт жабады, ол негізінен Ресейден келеді.

Биылғы жылдың екінші тоқсанында қазақстандықтар алкогольді ішімдікке жұмсалатын шығындарын 13,1%-ға арттырған. Статистиктердің есебінше, биылғы сәуір–маусым айларында еліміздің бір тұрғынына арақ, шарап және сыраға жұмсалған шығындар шамамен 1,5 мың теңгені көрсетті.

Бұл көрсеткішті тек өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыру орынды болады. Өйткені, Қазақстанда спирттік ішімдіктердің сатылуы тұтыну мәдениетіне байланысты: мереке күндері ішімдік көбірек сатылады.

Мұны сандар да растайды, төртінші тоқсанда – Жаңа жыл қарсаңында адамдар алкогольге көбірек ақша жұмсайды Жазда шығындар азаяды, бірақ бұл жылы мезгілде қазақстандықтар аз ішеді дегенді білдірмейді. Спирті күшті ішімдіктер емес, арзанырақ сыраны ішу көрсеткіштері артады.

2023 жылдың екінші тоқсанында Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары алкогольге көп ақша жұмсаған. Республика бойынша жалпы шығын көрсеткіші 1,5 мың теңге болса, ШҚО-да 2,2 есе көп – 3,4 мың теңге.

Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында да 3,1 мың теңге көлемінде байқалған. Бұл сомаға қарағандылықтардың (2,9 мың теңге) және алматылықтардың (2,8 мың теңге) да шығындары шамалас.

Керісінше алкогольге жұмсалатын ең аз сома Маңғыстау облысында тіркелген, бұл қатарға оңтүстік және батыстағы бірнеше өңір кірген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<