Назарбаев университеттің (NU) инженері Анар Сандығұлова аутизм ерекшелігі бар балаларды жасанды интеллектіге негізделген робот терапиясы арқылы оңалту әдістемесін әзірлеген. Еңбегіне авторлық құқық рәсімдеп те үлгеріпті. Енді АҚШ пен Еуроодақтан патент алмақшы.
Уәделі уақытта ғалымның жұмыс кабинетіне келгенбіз. Көп кешікпей өзі де жетті. Қолында қалың құжат. Осы жобаны жетілдіру үшін Оқу-ағарту министрлігінен грант алыпты. Енді сол ақшаның мақсатқа сай жұмсалып жатқанын дәлелдеу үшін ведомствоға есеп дайындап жүрген беті көрінеді.
- Министрліктен кезек алып кеткем. Сол жеткенше біраз уақытым бар. Сұрақтарыңыз болса, тездетіп қоя беріңіз, – деп бастады әңгімесін.
Әр уақыты санаулы адамды біздің де бөгейік деген ойымыз болмаған. Бірақ әңгіме қыза келе Анар Сандығұлованың сөзге сараң емес екенін аңғардық. Жарты сағатқа жоспарланған кездесуіміз 1 сағатқа созылды. Сол уақыттың ішінде аутизм дейтін ғылым әлі толық түсініп болмаған әлемнің біраз қалтарысын аралап қайтқандай болдық.
Алғашқы тәжірибе: Иығы шыққан, саусағы жұлынған роботтар
«Біз бұл жобаны 2018 жылы қолға алдық. Басында робот баламен қалай сөйлесу керек деген сұраққа жауап іздедік. Әр сөзді баланың құлағы, одан кейін миы қалай қабылдайтынын түсініп алу керек еді. Астанадағы республикалық оңалту орталығы бұл тұрғыдан бізге көп көмектесті. Сондағы балалар алғашқы роботтарымыздың тәлімгері болды десек дұрыс шығар. Тіпті сол орталыққа роботымызды құшақтаған күйі күн құрғатпай барып жүрген күндер болды. Тіпті орталық екінші жұмыс орнымызға айналған еді. Мұнда елдің бүкіл өңірінен балалар келетіндіктен 3 апта сайын жаңа балалар келіп отырады. Бұл бізге роботтарымызды әр түрлі баламен сынауға мүмкіндік берді. Арасында роботқа қол жұмсай кететін агрессивті, шалт мінезділері болды. Осылайша бағдарламамыздың алғашқы нұсқасын әзірлеп шығу үшін 5 роботты зақымдап үлгеріппіз. Бірінің саусақтары жұлынған, бірінің иығы шыққан деген сияқты. Шкафта жатыр әне».
Ғалым алғашқы тәжірибесін осылай еске алды.
Кейде тіпті туған әке-шешесінің өзі тілін табуға қиналатын ерекше балаларды робот несімен баурап жүр? Бәлкім құлтемірдің жалықпайтын, шаршамайтын, эмоцияға берілмейтін қабілеті бала дамуына таптырмайтын тәсіл шығар. Ғалыммен кездесер алдында осындай асығыс долбар ойлап үлгергенбіз. Мәселе біз ойлағаннан әлдеқайда терең болып шықты.
- Мұндай ерекшелігі бар балалар сабақтағы уақытының кемінде 50 пайызын айналасын зерттеумен өткізеді. Басқаша айтсақ, баланы сабақ үстеліне отыруға көндіру үшін ғана кемінде бүкіл уақыттың 50 пайызы кетеді. Сабаққа ден қоюы өте қиын әрі тұрақсыз. Ал бөлмеде робот пайда болған сәттен бастап баланың назары соған ғана ауады. Мұны сиқыршының таяғына ұқсатуға болады. Бір ғана тетікті сырт еткізіп басасың, баланың назары сабаққа ауады.
Маман роботпен жаттығуды сабақтың аяғына қалдыруы да мүмкін. Сабақ жоспарында басқа көрнекі құралдармен жұмыс істеу жазылған болса, солай істей алады. «Бәрі біткен соң роботпен жұмыс істейміз» деген сиқырлы сөзді айтса болғаны, – дейді Анар Сандығұлова.
«Көзіме тіке қара»
Айтуынша, кейде роботты бүкіл сабақ бойы пайдалануға болады. Басқаша айтсақ, маман үйретуі керек мазмұнның бәрін роботтың «аузымен» айтқызып, сіңіруге болады. Мұндай кезде бөлмеде роботтан басқа бала назары түсетіндей зат болмау керек. Екеуі еденде қарама-қарсы отырып, сұхбат құрады. Мұндағы басты артықшылық – баланың көз деңгейінде отырып әңгімелесу эффектісі.
«Роботқа сабақ жоспарына сай енгізілген бағдарлама бойынша түрлі ойындар ойнатуға болады. Мысалы, «Оң қолым қайсысы» деп сұрақ қояды немесе «Басымнан сипап көрші» деп өтініш айтады. Баланың әр дұрыс әрекетіне робот та жауап қатып, көңілді қимылмен, мақтау сөзбен ықылас білдіреді.
Бұл роботтардың көз сенсоры өте сезімтал. Баланың көзі көзімен түйіскен сәтте түсі бірден өзгеріп, баламен байланыс орнағанын сезе қояды. Ол өзгерістер балаға да айқын көрінеді. Ал балаға көзбен түсінісудің мәні зор. Роботты тірі дос ретінде қабылдай бастайды. Жалпы аутизм ерекшелігі бар балалардың көзбен түсінісу қабілеті нашар дамыған. Сол тұрғыдан алғанда робот – өте тиімді тәлімгер. Бізде бір қыз болды, жеті жасқа келгенше туған шешесінің көзіне қарап көрмеген. Роботпен 2-3 рет сабақ өткеннен кейін шешесінің де көзіне қарайтын болған. Сондағы шешенің қуанышын көрсеңіз ғой. «Балама не істеп едіңдер? Жеті жылда бірінші рет көзіме тура қарады ғой» деп қуанғанда бойымыздан ток жүріп өткендей күй кештік.
Аутист бала неге адам көзіне тіктеп қарамайды? Өйткені миы адамның көзін оқуды тым көп ақпарат деп қабылдайды. Ал роботтың көзінен өзара байланыстан басқа мазмұн болмағандықтан көз тоқтатып үйренуге жеңіл. Бұл жерде біздің роботтардың бет-әлпетінің жоқ болғаны да маңызды. Күрделі мимика, жест те жоқ. Ауыз қуысы мен көзінен басқа ештеңе жоқ.
Тілі шықпай жүрген балалардың роботпен сабақ өткеннен кейін сөйлей бастаған сәттері көп. Тіпті 6 жасында өмірінде алғаш айтқан сөзі «робот» болған бала болды. «Мама», «папа», «ата» емес, «робот» деп бастаған».






