«ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасымен кездесті

60

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановпен кездесті. Онда ұлттық компанияның демеушілігімен өңірде жүзеге асқан және алдағы уақытқа жоспарланған маңызды әлеуметтік жобалар талқыланды.

– Өткен жыл еліміз, өңіріміз үшін тарихи-саяси маңызды оқиғаларға толы, табысты жыл болды. Қызылорданың Қазақ елі астанасы атан­ғанына 100 жыл толған мерекені жоғары деңгейде өткіздік, әлеуметтік нысандар іске қосылды.

«ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясы­ның қолдауымен маңызды жобаларды жүзеге асырудамыз. Желтоқсан айында Жаңақорған ауданында заманауи күрес залы ел игілігіне табысталды.

Бүгін облыс орталығындағы 3 млрд 800 млн теңгеге салынған «Достық үйінің» жаңа ғима­ратын өзіңізбен бірге аштық. Бұл – Сыр жұрт­шылығы үшін маңызды әрі тарихи сәт.

Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлестеріңіз үшін жер­лес­теріміздің атынан шынайы ризашы­лығымызды білдіреміз, – деді облыс әкімі.

Кездесуде Мейіржан Юсупов екіжақты әріптестік одан әрі нығая түсетінін айтып, ал­дағы жоспарларын бөлісті.