Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жаңа жыл мерекесі қарсаңында қаладағы бірқатар ардагерлердің шаңырағында болып, мерекелік сый-құрмет көрсетті.
Алдымен жазушы-журналист, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Арал ауданының құрметті азаматы Шәкірат Дәрмағамбетовтың шаңырағына барып, аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың арнайы Құттықтауын жеткізіп, мереке қарсаңында сый-сияпат жасады.
Жасы жүзге таяса да жазу өнерінен жырақтамаған абыз ақсақал руханияттың шежірелі сыр сандығына айналған. Қалам құдіретімен елге танылған қарт қазына бүгінде 97 жастың төріне шықты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жан-жақты саралап, жаңалықтарға құлақ түре жүретін қарт журналистің шаңырағындағы келелі кездесу ескі естеліктермен өрілді.
Елдің амандығына ұдайы тілекші болып, жақсы жаңалықтарға жаны құмар қазыналы қарт Ш.Дәрмағамбетұлы арнайы келген азаматтарға ақ батасын беріп, аудан дамуына тілектестігін білдірді.
Мұнан соң аудан басшысы теңізбен терең тілдесіп, сұлу сырмен үндескен сан қырлы, өнер иесі күйші-композитор, ақын-жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы Мұрат Сыдықовтың шаңырағында болды.
Сырқат меңдеген Мұрат аға жағдайын біле келген ағайынның ортасында ақ батасын беріп жатыр екен. Қазыналы қария келер жылы 85 жастың төріне шығады. Аралдың өшпес рухы, баршаға белгілі бойтұмары саналған қазыналы қартпен жүздескен аудан әкімі аймақ басшысының арнайы құттықтауы мен сый-сияпатын Мұрат Сыдықовтың өмірлік жары, Аралдағы өнердің анасы атанған Базар Қостаеваға табыстады.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<