ҚБТУ университеті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қорына қайтарылды

7

0

Фото: kbtu.edu.kz

Қазақстан-Британ Техникалық Университеті 2025 жылы қыркүйек айының соңында Нұрсұлтан Назарбаев білім қорының меншігіне қайта өтті. Оқу орнының қор меншігіне өткені университеттің корпоративтік құжаттамасын тексергенде белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2025 жылы 25 қыркүйекте ҚБТУ акционерлер тізілімінде меншік иесі ауысты. NNEF қоғамдық қоры қайтадан 100% дауыс беретін акциялардың иесі атанды. 2025 жылы ақпан айында сот шешімі бойынша университет акцияларын алған Қайтарылған активтерді басқару компаниясы енді акционерлер құрамынан шықты.

Ал 2025 жылы 8 қазан күні ҚБТУ-дің жалғыз акционері Алматыдағы Төле би көшесі, 59 мекенжайындағы университет ғимаратына қатысты шешім қабылдады. Жарияланған шешімге сәйкес, ғимарат мемлекетке сыйға беру шарты бойынша, қабылдау-тарату актісі рәсімделе отырып берілмек. Бұл 1957 жылы салынған әкімшілік ғимарат, республикалық мәндегі тарихи-мәдени ескерткіш болып есептеледі.

ҚБТУ 2001 жылы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және сол кездегі Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэрдің қатысуымен құрылды. 2003 жылы университет “ҚазМұнайГаздың” еншілес компаниясына айналды, ал 2015 жылы жекешелендіру жоспарына енгізілді. Кейін 2018 жылы “ҚазМұнайГаз” ҚБТУ-ды NNEF қорына 11,3-12 миллиард теңгеге сатты.

2024 жылғы ақпанда Алматы прокуратурасы “ҚазМұнайГаз” пен NNEF қорына қарсы шағым түсіріп, келісімнің бағасы кемінде екі есе төмен көрсетілгенін және мемлекетке зиян келтіргенін мәлімдеді. 2025 жылғы ақпанда сот шешімі бойынша университет акциялары Қайтарылған активтерді басқару компаниясына берілді.

Ол кезде қор акционердің олардың еркінен тыс ауысқанын, ал 2018 жылы университетті сатып алу ашық конкурс нәтижесінде өткенін айтты. Сондай-ақ олар акцияларға қатысты құқықтарын қайтарып алмақ ниетте екені мәлімдеген.

eGov деректеріне сәйкес, қордың құрылтайшылары – Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлсабаева және Галина Самарская.

NNEF сайтының мәліметінше, қор 1998 жылы Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Қор құрамына ғылым және технология университеттерінің альянсы кіреді:

  • Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университеті (IITU)
  • Astana IT University (AITU)
  • Қазақстан-Британ Техникалық Университеті (ҚБТУ)
  • Гумарбек Дәукеев атындағы Алматы Энергетика және Байланыс Университеті (АУЭС)
  • Кенжегали Сағадиев атындағы Халықаралық Бизнес Университеті (UIB)