Жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігінің мәні терең. Тарихи тұрғыдан, Наурызнама – мыңжылдықтан бастау алатын халқымыздың мәдени мұрасы. Қазақ мәдениетінде Наурызды тойлау дәстүрі ешқашан бір күнмен шектелмеген. Сондықтан да Мемлекет басшысы бекіткен «Наурызнама» аясында әр күнді атап өтудің ерекшелігі мен тәрбиелік маңызы зор.
19 наурыз – Жаңару күні, яғни өзгерістер мен жаңа белестер кезеңі. Көкжиек кеңейіп, мүмкіндіктер туатын уақыт. Бұл күн барша адамзатты ортақ мақсатқа жету жолында бірігуге және ынтымақта болуға үндейді. Сонымен қатар ел өміріндегі жаңа кезеңнің басталуын сипаттайды. Өткенді саралап, болашаққа жоспар құрудың уақыты.
Жыл сайын 19 наурызда жаппай ағаш отырғызу дәстүрі – Қазақстанның жаңару кезеңін, дамуы мен гүлденуін бейнелейді. Сонымен қатар әрбір қазақстандықтың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы, саяси ғылымдарының кандидаты Шырынкүл Тұхмарова Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясында экономикалық өсу, халықтың әлеуметтік деңгейін көтеру, мәдени өсім, экологиялық аймақтарға тұрмыс-тіршілік көзін ендіру қарастырылғанын айтады.
– Жаңаруды әр адам өзінен бастау керек. Онкүндік ішіне бұл атау жайдан-жай енгізіліп отырған жоқ. Жалпы ел өмірінде транформация жүруде. Оған әрбір қазақстандық үлес қосуы керек. Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен елдің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Біздің келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенуіміз керек. Халық үнін еститін билік құру, әкімдерді жаңа форматта сайлау Жаңа Қазақстанның қалыптасуына бағытталған нақты қадам. Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстан саяси модернизация курсын жүйелі түрде жалғастыра береді. Кезекті саяси реформалардың сәтті іске асуы қоғамды одан әрі демократияландыруға ықпал етеді. Ең бастысы, жаңару жолында ел болып бірігіп, қоғам болып жұмылып ұйымшылдық танытуымыз қажет, – дейді.
Наурыз айында ел аумағында отырғызылған жаңа көшеттер тәрізді бұл күні қоғамдық мәдениетке жаңа дәстүр, жаңа бағыт сіңіріледі. Жас көшеттер өніп шығып, жеміс беретіні секілді жаңа идеялар мен құндылықтар алға қарай өркендеуге жетелейді. Ол үшін жаңаруды әр адам өзінен бастау қажет.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





