Қоғам қауіпсіздігі жолындағы табанды еңбек

5

0

Фото: Qyzylorda PD

Қызылорда облысында полиция саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген білікті мамандардың бірі – қалалық Полиция басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Айгерім Ерболат.

Еңбек жолын 2009 жылы ішкі істер органдарында бастаған ол алғашқы қадамдарын Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының хатшылық тобының маманы ретінде бастады. Қызмет барысында ювеналды полиция инспекторы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы және аға инспектор лауазымдарын атқарып, мол тәжірибе жинақтады.

Бүгінде Айгерім Ерболат Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесін басқарып, қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында табанды еңбек етіп келеді. Оның кәсібилігі, жауапкершілігі және адам тағдырына бейжай қарамайтын ұстанымы әріптестері мен тұрғындар тарапынан жоғары бағаланады.

Төрт баланың анасы ретінде ол қызмет пен отбасы арасындағы үйлесімділікті сақтай отырып, әйелдердің құқық қорғау саласындағы орны ерекше екенін дәлелдеп келеді. «Шаңырақ – тірегім, ал қызмет – парызым» деген қағида оның өмірлік ұстанымына айналған.

Айгерім Ерболаттың еңбек жолы – жас буын үшін өнеге, ал қоғам үшін адал қызметтің айқын көрінісі.