Қызылордада ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға арнайы шақырылған Республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Ахатай Баян Орынбасарқызы, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Каюпов Руслан Мұхамедәліұлы сондай-ақ облыстық, қала және аудандық деңгейдегі кеңес төрағалары мен мүшелері қатысты. Шараның шымылдығын облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Каюпов Руслан Мұхамедәліұлы ашып, Аналар кеңесінің қоғамдағы орны мен маңызын атап өтті.
Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева Аналар кеңесі 2014 жылдан бері еліміздің рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосып келеді. 2024 жылы кеңестің құрылғанына 10 жыл толып, Қызылорда облысының Аналар кеңесі «Ұлағатты қоғам» номинациясына ие болды. Бұл – көп жылғы тынымсыз еңбектің, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нығайтуға қосқан зор үлестің жемісі, – деп Аналар кеңесінің атқарған ауқымды жұмысына тоқталды.
Кеңес отырысында Республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Орынбасарқызы Ахатай қоғамдағы өзекті мәселелерге тоқталып, кеңестің атқарып жатқан жұмыстарын баяндады.
Оның айтуынша, Аналар кеңесі елімізде белең алып отырған бес әлеуметтік кеселмен күрес бағытында маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, «Аналар үйі» мен «Анаға тағзым» сияқты бастамалар қиын жағдайға тап болған аналар мен балаларға қолдау көрсетіп, олардың өмірге деген сенімін арттыруға ықпал етуде.
Баян Ахатай қазіргі таңда жастар арасында есірткіге тәуелділіктің артып отырғанын атап өтіп, бұл мәселенің түп-төркіні отбасындағы әке мен бала арасындағы әлсіз байланыстың салдары екенін жеткізді. Осыған орай кеңес «Әкеге хат» жобасын жүзеге асыруда. Жоба отбасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуды көздейді.

Сонымен қатар, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, интернет пен гаджеттерді пайдалы бағытта қолдануына назар аудару қажеттігі айтылды. Кеңестің басты мақсаты – әлеуметтік кеселдердің салдарымен емес, олардың алдын алумен күресу.
«Біз балаларымыздың қауіпсіз әрі жарқын болашағы үшін бірлесе қызмет етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ міндет», – деді Баян Орынбасарқызы.
Мұнан соң Ақ жаулықты әжелер Ұлттық ұлан сарбаздарымен бірлесіп, «Шаңырақ тілеулесі» көрінісін қойды. Әскерге аттанған жас сарбазға аналық тілегі мен ақ батасын беріп, шығарып салды.
Жиында кеңес мүшелері «Салауатты сана», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Сарбаздар анасы», «Айналайын» секілді жобалардың нәтижелерімен бөлісті. Сонымен қатар, Аналар кеңесінің Жаңақорған ауданындағы жұмысы туралы төраағасы Құралай Мақұлбекқызы Дәрмен баяндама жасады.
Кеңес мүшелері тиімді ұсыныстарын ортаға салды.
— «Жуырда Ақтауда өткен Аналар кеңесінің республикалық форумында көтерілген ең өзекті мәселе — ойынқұмарлық дерті болды. Өкінішке қарай, бұл кесел жастардың да санасын улап жатыр. Статистикаға сүйенсек, ең жас ойынқұмар – 15 жаста, ал ең үлкені – 42-де. Бұл — дабыл қағарлық жағдай. Біз, Аналар кеңесі, Мәжіліс депутаттарына арнайы ұсыныс жолдап, бұл мәселемен күресті мектеп қабырғасынан бастауды ұсынып отырмыз. Ұрпақтың бұзылмауына ең алдымен ана мүдделі әрі жауапты. Сондықтан аналар үнін күшейтіп, осы індетпен бірлесе күресу – бүгінгі жиынның басты мақсаты», — деді Аналар кеңесінің мүшесі Үйтолған Жареке.
Жиын пікір алмасу мен марапаттау рәсіміне ұласты. Қатысушылар Аналар кеңесінің бастамалары мен жобаларына қолдау білдіріп, болашақтағы жұмыстарға бағыт-бағдар ұсынды.
Кездесу соңында жылы лебіздер айтылды. Кеңес жұмысының басты мақсаты – ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды ұлықтау арқылы ел бірлігін нығайту екені тағы бір мәрте дәлелденді.






