Қолөнерге қадам басуыма ерекше балам себеп болды – моншақтан сөмке жасайтын әйел

378

0

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ерекше қажеттіліктері бар баласы дүниеге келгенде сағын сындырмай, еміне ақша іздеген Наргиза Ақыбаева қолөнермен айналысты. Оның меруерт моншақтан жасайтын көздің жауын алатын сөмкелері мен әр алуан әшекейлеріне сұраныс көп. Осымен шектелмей алда қобдишалар да жасап көріп, дүкен ашуды жоспарлап отыр. Қамкөңіл ана сатылымнан түскен ақшаны бауыр еті баласының отасына жинап жатыр.

«Ұлым осыдан төрт жыл бұрын жарық дүние есігін ашқан. Церебральды сал ауруына шалдыққан балам жүре де, отыра да алмайды. Оның еміне, күн сайынғы оңалтуға көп ақша кетеді. Күйеуім бірнеше жерде жұмыс істесе де, тапқаны жетпеді. Сондықтан өзім де еңбек етуге бел байладым», – дейді Наргиза Ақыбаева.

Сөйтіп ол қолөнермен айналыса бастаған. Негізгі мамандығы дизайнер болғандықтан әр түрлі бұйымдарды сәндеп жасауды ұршықша иіріп әкетті.

Қолөнерге қадам басуыма ерекше балам себеп болды – моншақтан сөмке жасайтын әйел

«Балам екі жасқа толғанша ауруханадан ауруханаға шапқылаумен болдым. Психикалық тұрғыда да өте ауыр болды. Бірде әлеуметтік желі арқылы ерекше балалары бар аналардың клубы туралы көріп қалдым. Хабарласып, кездесуге жазылдым. Олар арнайы курстан өтуді ұсынды. Соның арқасында балама мемлекеттен қандай көмектер тиесілі екендігін білдім. Бұрын ұлымның диагнозын жасыратын едім. Ал осы курстан соң қорықпай ашық айтатын болдым. Бір сөзбен айтқанда өзімді таптым. Содан барып табыс көзін іздеуге көшіп, қолөнерге қадам бастым. Интернеттен меруерт моншақтан сөмкелер жасаудың курстарын көріп, әдіс-тәсілдерін үйрендім», – дейді Наргиза.

Қандай материалдар керектігін, жасау техникасын меңгеріп қолын шыңдай берді. Ең алғашқы сөмкесін 2 жарым аптада жасап шыққан. Уақыт өткен сайын тәжірибе жинақтап, жылдамдықты арттыра түсті. Қазір бір сөмкені кем дегенде 3-4 күнде жасап шығарады. 

«Күндіз мүлде уақытым болмайды. Жұмысқа тек түнде отырамын. Сөмкеден басқа мойынға тағатын әшекей, көйлектің үстінен киетін топ жасаймын. Әлеуметтік желі арқылы сатылымға шығарамын. Түрлі көрмелерге де қатысамын. Тапсырыс беретіндер саны артып келеді. Әсіресе кішкентай сөмкелерге қызығатындар көп. Ол киіммен жақсы үйлесіп, образыңызды ашады. Алдағы уақытта қобдиша жасауды қолға алғым келеді. Ішіне қыздар зергерлік бұйымдарын сақтайды», – дейді қолөнерші.

Таяуда Өскеменде қайырымдылық аукционы өтіп, оған Наргиза Ақыбаеваның сөмкелері шығарылған. Кәсіпкерлер мен жомарт жандар біраз сөмкені сатып алды. Мамыр айында баласының отасына қажетті ақшаның жартысы сол аукционда жиналған. 

«Маған әлеуметтік желіге қыздардан, жас аналардан «осылай сөмке жасауды үйретіңізші» деген хабарламалар жиі келеді. Соған орай болашақта курс ашуды жоспарлап отырмын. Одан кейін тек желіде саудалаумен шектелмей, сәтін салса, дүкен ашқым да келеді», – дейді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<