«Қолымыздан келмеді». Қызылордадағы перзентханада жүкті әйел көз жұмды

1346

0

Дәрігер толғағы келгенде бақилық болған келіншекке тиісті ем-шараларды қолдана алмағанын өзі де мойындап отыр, деп хабарлайды Экспресс К.

Марқұм Жазира Қожанова 39 жаста болған. Бұл оның бесінші рет босануы еді. Қан қысымы жоғары болғандықтан Жазираны қаладағы Ана мен бала орталығына сенбі күні жеткізіпті.

Бүгін түнде толғағы келіп, акушерлерге жүгінген. Сөйтіп, денесіндегі ісікке байланысты операция арқылы босандыруды жалынып сұраған. Алайда дәрігерлер оның денсаулығындағы жағдайды біле тұра дер кезінде көмек бермеді дейді марқұмның сіңілісі.

Мен сол сәтте қасында болдым. Босанар алдында қатты қиналды. Жүрегі ауырды. Ал дәрігерлер әзілдеп тұрды. Бізді менсінбеді. Адам құрлы көрген жоқ. Аузынан көбігі ағып, 35 минуттай жатты. Сөйтіп жүріп кетті,

— дейді Салтанат Қожанова.

Қайғыдан қара жамылған отбасы мұның бәріне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды дейді. Толғағы келіп, қиналып жатқан келіншекке дәрігерлер дереу ота жасағанда аман алып қалу мүмкін болар еді дейді олар. Сондықтан жауапты ақ халаттылардың заңмен жазаланағанын қалайды.

Дәрігерлер аман-есен босандырсын деп қалталарына ақшасын салып жібереміз. Соның өзінде жасап тұрғандары мынау. Адамның өмірі бұларға ойыншық сияқты. Жазалансын бәрі,

— дейді марқұмның қайын әпкесі Баян Мәмбетназарова.

Ал марқұмның жанын сақтай алмаған дәрігер өзінің кінәсін мойындап тұрғандай. Ол өз міндетін толық атқара алмағанына өкінеді.

Кесарь тілігін жасау деңгейінде емес еді. Босануға толық дайын болды. Реаниматолог дереу көмек көрсетті. Аман алып қалу қолымыздан келмеді. Мен өз міндетімді толық атқардым деп айта алмаймын,

— дейді орталықтың дәрігері Жанар Нұрымбетова.

Өз аяғымен перзентханаға келіп, табытпен үйіне алып бара жатқан марқұмның артында 4 баласы қалды. Жазира Қожанованың туыстары бұл жағдайға байланысты дәрігерлерді сотқа беретінін айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<