Қалдықтардың классификациясы Еуропалық каталогқа сәйкестендірілді. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz
Оның айтуынша, өндіріс және тұтыну қалдықтары мәселелерін шешу мақсатында қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы терминология мен ережелер халықаралық талаптарға сәйкес келтірілген.
«Жобада қалдықтармен кезең-кезеңімен жұмыс істеуге бағытталған қалдықтар иерархиясы қарастырылған. Бұл дегеніміз, ең алдымен, жиналатын қалдықтарды азайтуға бағытталған норма. Жиналған қалдықтарды қайта пайдалану, қайта өңдеу, кәдеге жарату қажет. Тек осыдан кейін ғана полигондарда көму қажеттілігін қарастыру керек. Сондай-ақ, халықты тұрмыстық-қатты қалдықтарды жинаудың, кәдеге жаратудың және қайта өңдеудің, қалдықтарды бөлек жинаудың рационалды жүйесі туралы хабардар ету жүзеге асырылатын болады», деді министр ҚР Экологиялық кодексінің жобасын талқылау кезінде.
Осы орайда ол қалдықтардың классификациясы Еуропалық каталогқа сәйкестендірілгенін жеткізді.
«Онда қауіпті емес те, қауіпті де қалдықтардың тізбесі көрсетіледі. Бұл ретте, заңсыз қоқыс тастау мәселесін жүйелі түрде шешу үшін жаңа Экологиялық кодексте қоқыс шығаратын көліктерге GPS-датчиктерді міндетті түрде орнату мәселесі көзделген», деді Мырзағалиев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, еліміздегі 50 ірі кәсіпорынды ең озық қолжетімді технологияларға ауыстыру жоспарланған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<