Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтың 95 жылдығына арналған «Еркін Әуелбеков: заманның заңғар тұлғасы» тақырыбында облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қайраткердің өмір жолы мен ел дамуына қосқан үлесін ғылыми тұрғыдан зерделеу, оның өнегелі өмірін жас буынға үлгі ету.Ғылыми кездесудің модераторы университеттің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай өз алғысөзінде Еркін Нұржанұлының өмірдерегі мен еңбек жолын шолып өтті. Жиын барысында «Ұлты ұлықтаған ер – Еркін Әуелбеков» атты бейнеролик көрсетіліп, қатысушылар саналы ғұмырын мемлекет дамуына арнаған қайраткердің толымды істеріне қанықты.
Конференцияда Мұстафа Шоқай ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі Әбдіжәлел Бәкір «Еркін Әуелбеков – Қайсар қайраткер» тақырыбында баяндама жасап, Еркін Нұржанұлының басқарушылық қабілеті мен ел алдындағы еңбегіне жан-жақты тоқталды.
Сонымен қатар, тарих және археология білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры Айтжан Оразбақов «Әуелбеков Еркін Нұржанұлының замандасы Исатай Әбдікәрімовтің Сыр еліне сіңірген еңбегі» тақырыбында, тарих және археология білім беру бағдарламасының профессоры профессоры Өтеубай Қожақұлы «Қайраткер азамат – Еркін Әуелбеков» тақырыбында баяндама жасады. Ал «Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» секциясының қауымдастырылған профессоры Мұрат Насимов «Дәстүрлі және инновациялық құндылықтар аясындағы тұлғаның өзін-өзі анықтауы» тақырыбында ғылыми ой-пікірін ортаға салды.
Жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдар, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.





