Қорқыт ата университетінің жаңа ректоры таныстырылды

18

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, басқармалар мен аумақтық департамент басшылары, онлайн байланыс арқылы Қызылорда қаласы мен барлық ауданның активтері, Қорқыт Ата университетінің ғылыми кеңес мүшелері мен профессор-оқытушылары қатысты.

Жиында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректоры лауазымына тағайындалған Наурызбай Байқадамов таныстырылды.

«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында «Қазір адамзат түбегейлі өзгерістер дәуіріне қадам басқан кезде білім ордалары заман талабына сай озық болуға тиіс. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны анық», – деп атап өтті.

Осыған байланысты 2 ақпандағы Үкімет отырысында еліміздегі ғылым мен жоғары білім мәселесі қаралды. Үкімет басшысы облыс әкімдеріне өңірлік ғылыми-технологиялық кеңестерге жеке басшылық жасап, жұмысын ұйымдастыруды тапсырды.

Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп, өңірлік мамандану және форсайттық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, ғылыми-техникалық тапсырмаларды бекіту қажеттігін атап өтті. Аталған міндеттерді үйлестіруге Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті белсенді атсалысуы тиіс деп санаймын. Себебі, осы жұмыстарды ұйымдастыруда университеттің әлеуеті жеткілікті.

Оқу орнының ғалымдары мен түлектері аймағымыздағы ғылыми-инновациялық дамуды басқаруда айрықша рөл атқаруы қажет. Бұл ретте, әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеймін. Баршаңызды осы іске жоғары жауапкершілікпен белсенді атсалысуға шақырамын!», – деді аймақ басшысы.

Басқосуда Мұрат Ергешбаев, Гүлзат Көбенова, мемлекет және қоғам қайраткерлері Бақберген Досманбетов, Мұрат Бақтиярұлы, ғылыми кеңес мүшелері Серікбай Қошқаров, Ұлжан Жанбершиева сөз сөйледі.

Наурызбай Байқадамов 1991 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Тарих және француз тілі» мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын ауыл мектебінде мұғалім болып бастап, 1994 жылы өзі білім алған оқу орнына оқытушы ретінде қайта оралды. Университетте түрлі басшылық қызметтерді, атап айтқанда, 2008-2013 жылдары тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор қызметін атқарды. Жоғары оқу орнында 20 жылға жуық еңбек етіп, университеттің көпсалалы аймақтық білім ордасы ретінде қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты.

Наурызбай Сейтқалиұлы – тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі қоғамтанушы, 150-ге жуық ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің, бірнеше кітаптың авторы.

2013 жылы мемлекеттік қызметке шақырылып, облыстық білім басқармасының басшысы, облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат хатшысы және төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуына сүбелі үлес қосты.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары, Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы ретінде қоғамдық-саяси салада да нәтижелі еңбек етті.

2024 жылғы сәуірден 2026 жылғы 11 ақпанға дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі болды. Заң шығару қызметіне белсенді қатысып, өңірдің өзекті мәселелерін көтеріп, республикалық бюджеттен қажетті қаржы бөлінуіне ықпал етті.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі