«Қош бол, палуан». Олимпиада чемпионы атанған қазақ спортшысы қапияда қаза болды

1008

0

Фото: nanjing2014.org

2014 жылы Нанкинде өткен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы, еркін күрес шебері Мұхамбет Қуатбек 27 жасында өмірден озды. Бұл туралы әлеуметтік желідегі күрес парақшалары хабарлады.

Спортшы кейінгі уақытта жұмыс бабымен Филадельфияда (АҚШ) тұрған. Неден қайтыс болғаны әзірге белгісіз.

Мұхамбет Қуатбек Олимпиада ойындарынан бөлек, 54 килоға дейінгі салмақта жасөспірімдер арасында Азия чемпионы, 58 килоға дейінгі салмақта әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2016-2017 жылдары жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола және күміс медаль еншілеген.

Ересектер арасында ірі жарыстарға 4 рет қатысқан. 2018 жылдан кейін турнирлерге қатыспаған.

Мұхамбеттің қаза тапқанын Қазақстан күрес федерациясының баспасөз хатшысы Аспандияр Есенжолов та растады.

«АҚШ-тан қайғылы хабар жетті. Тәуелсіз Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, еркін күрес шебері Мұхамбет Қуатбек бауырымыз көз жұмды. Балуанның неден қаза тапқаны белгісіз. Жақындарына көңіл айтамыз», – деді Есенжолов.

Қазіргі таңда спортшының туыстары Қазақстан және АҚШ елшілігімен бірге мәйітін елге жеткізу жайын қарастыруда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<