Қосжар

5

0

Сырдың төменгі ағысын мекендеген елдің кәсібі – мал бағу, одан қалды «өзен жағалағанның өзегі талмас» деген тәмсілді мықтап ұстанған. Дарияның құяр сағасын жағалай жатқан елдің жігіттері теңізде түнеп, тіршілік етеді. Сонысымен отбасын асырайды. Балық десе, бір иығын бұрып тұратын осындағы ауылдардың бірін айтсақ дейміз. Ол – Қамыстыбас көлінің жағасында балық өсіру питомнигі орналасқан Қосжар ауылы.

Құрылғалы 60 жылға жуықтаған Қос­жар елді мекені Арал ауданына қа­райды. Мұнда балықшылар ғана емес, оны өсі­рушілер де тұрады. Анығында 1966 жылы 5 наурызда Қамбаш көлінің жаға­сына теңіздің тартылуына байланысты балық өсіру питомнигінің құрылысы түсті.

Мақсаты – теңізде азайып бара жатқан асылтұқымды сазан, дөңмаңдай, ақ амур секілді балық түрлерін сақтау, көбейту, өсіру. Питомник түскесін, жұмысшы қа­жет. Жақын маңайдағы ауылдан көшіп ке­лушілердің көбейген кезі де осы тұс. Міне, бір питомниктің арқасында бір ауыл осылай пайда болған деседі. Ал Қосжар деген атауға келсек, көл жағалай арасы шақырымға жуық екі жар бар. Дәл ортада ауыл орналасқан. Қосжар атауы жер бедеріне байланысты берілгені осыдан-ақ белгілі.

– 1965 жылы осында көшіп келдік. Сол кезде балық өсіретін тоғандар салынып жатты. Мекеме әлі жұмыс бастамаған кез. Сонда 5-6 үй ғана болды ғой. Күлмаш, Бимаш, Сүлеймен дейтін ақсақалдардың шаңырағы отырды. Қамбаштың бер жағын­да көне колхоздың ізі бар. «Сталин жолы» деп аталды. Сол елден де адамдар көшіп келді. Бес-алты жылдан соң мектеп, медпункт салынды. Дәуқара Аймағанбетов басшылыққа келген жылы осы Қосжарда шиферлі тамдар көбейген. Қазір бұл ауылда 100-ге жуық шаңырақ бар. Біраз азамат сол балық мекемесінде, одан бөлек, мектеп пен балабақша, әкімшілік пен клуб үйінде қызмет істеп келеді. Аудандағы көп ауылға қарағанда жұмыссызы жоқ елдің бірі осы – Қосжар, – деді бізбен кездескен балық шаруашылығының ардагері Шарап Байбосынов ақсақал.

Қария өмірінің көп бөлігі питомникпен байланысты. Осы саладан зейнетке шыққан оның әлі де балық өсірушілерге үйретері көп. Бір қызығы, онда «жоғары білім», «диплом» деген болмапты. Сірә, сол қатырма қағазды бұрынғы басшылар да керек етпеген сияқты. Шарап ата питомникте жай жұмысшы болып бас­тап, балықты қолдан көбейтудің жолын тәжірибе жүзінде үйренген. Сонысымен бас балық өсіруші деген лауазымға дейін өскен. Дала академиктері осылай пайда болған ғой.

Бұл кәсіпті қазір ұлы Қылышбек атқа­рады. Питомникке маңдай тері әбден сіңген Шарап әкеден ұлы да көп нәрсені үйренген. Қылышбек балықты өсіріп қана қоймай, аталығы мен аналығының күйін қарау, уылдырықтан бастап бір немесе екі жаздық балыққа дейінгі өсуін қадағалау сияқты жұмыстарды әбден меңгеріпті.

– Қарапайым тілмен түсіндірейін, – деді питомникте тоған бригадирі болып қызмет істейтін Қылышбек Байбосынов. – Үлкен 30 келіден жоғары аналық сазанды қолға түсіреміз. Одан бөлек он шақты аталық болады. Жұмыс барысында аналық балықты ұйықтатамыз. Оның да процесі болады. Ұйықтаған балықтың салмағын өлшеп, соған сәйкес екпе салынады. Кәдімгідей толғатады. Ұйқыда жатқан балықтың уылдырығы кәдімгі сөк сияқты сусып түсуі қажет. Оны балықтың жаялығы дейтін болады, соған сығып салып, арнайы қалбырға аударамыз.

Ендігі жұмыс аталық балықпен болады. Ол жерден үш аталықтың шоғалын (ұрығын) алып, әлгі аналықтан алған уылдырыққа араластырамыз. Бұл жерде бір аналыққа үш еркек балықтың шоғалы қажет. Айтпақшы, уылдырық пен шоғалды араластырғанда, бұған тек құстың қауыр­сынын ғана пайдаланамыз. Өйтпесе болмайды, уылдырықты зақымдамау үшін құс­тың жұмсақ қанаты ғана жарайды. Одан соң жаңа сауған сиырдың таңғы сүтінің бір литрін он литр суға араластырып, уылды­рыққа қосып тағы араластырамыз.

Қылышбек ағаның айтуынша, уылды­рықтан майда балық өніп шығам дегенше жұмыс өте күрделі. Әлгі уылдырықтың екі-үш күннен соң дер­нәсілге (личинка) айналып, су ішінде сусылдап жүргенін байқайсың. Питомникте уылдырықтан бастап 30-40 грамдық ша­баққа дейінгі бағу, санау, тоғанға жіберу, тоғандағы балықты жемдеу, одан көлге тасымалдау сияқты жұмыстар жыл бойы үздіксіз жүре береді.

Қосжардағы питомник пен осы мекемеге қарасты Қаратереңдегі «Тастақ» учаскесінде балық өсіруге арналған арнайы инкубациялық цехтың бірі гума­нитарлық көмек арқылы Израильден келген құралдармен жабдықталған. Об­лыс­тағы балық қорын көбейтуге респуб­ли­калық бюджет қаржысымен жыл сайын Кіші Арал теңізіне және «Ақшатау» мен «Қамыстыбас» көлдер жүйесіне осы «Қамыс­тыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы бір жаздық 12 млн және екі жаздық 420 мың шабақ жіберіледі екен.

Ал ауыл әкімі Мәди Әбдікеровпен тіл­дескенімізде, балықшы ауылдың бірлігі бүтін екенін айтады. Қазір ел ішінде ата­кәсіптің ізімен жүргендер көп. Одан бөлек, Үкімет қолдауынан да тыс қалған емес.

–  Қосжар – бірлігі мен тірлігі жарасқан Сыр бойындағы үлгілі ауылдардың бірі. Үлкені сөйлесе, кішісі соған тоқтайтын қазақы қалыппен ел ақсақалдары да жас­тарға ақыл-кеңестерін айтып, қажет кезде жат әдеттерден тыйып отырады. Со­ның арқасында шығар, ауыл ішінде жат пиғыл, жаман қылық жоқ. Барлығы да бір атаның баласындай тату-тәтті тұр­мыс кешіп келеді. Былтыр ауылға кіре­бе­ріс жерді көгалдандырдық, 5 млн теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ жаңа әкімшілік ғимараты әріптестік негізде 13 млн тең­геге салынды. Биыл қосымша абаттанды­ру жұмысы жүрді. Ең бастысы, облыстан қаржы бөлініп, ауылдағы басты көшеге асфальт төселді. Ауылда балық шаруа­шы­лығымен қатар, төрт түлікті көбейтіп отырған қожалықтар да бар, – дейді ол.

Аудан орталығынан 110 шақырым алыс жатқан Қосжар ауылы округ ретінде 2005 жылы құрылған. 600-ге жуық тұрғыны бар елді мекенде балық өсіру питомнигінен бөлек, әлеуметтік ғимараттар жұмыс істеп тұр. Ауыл ішіндегі көшелерге асфальт және қиыршық тас төселген. Түнгі қауіпсіздікке арналған жарықшамдар да түгел орнатылыпты.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы».

Арал ауданы