ҚР Энергетика вице-министрі облыс тұрғындарымен кездесті

628

0

Бүгін ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында вице-министр аймақтағы кен орындарының жұмысы мен мұнай өндірудегі жалпы көрсеткіштерге тоқталды.

Еліміз бойынша Қызылорда облысы мұнай өндіруден 5-ші өңір. Тиісінше, өндірілген мұнайдың 4,8 пайызы ел үлесіне тиесілі. Алайда өңірдегі кен орындарында мұнай өндірудің жыл сайынғы табиғи төмендеуі байқалады. Сол себепті Энергетика министрлігі мен Ұлттық экономика және қаржы министрлігі бірлесіп жер қойнауын пайдаланушыларды қолдау және кен орындарының өмірлік циклін ұзарту мақсатында қайта инвестициялау мәселесін пысықтауда. Сондай-ақ, мемлекеттік теңгерімдегі газдың алынатын қоры шамамен 39 млрд.текше метрді құрайды. Оның 80 пайызы бос газ болып табылады. Дегенмен, оны өндіру экономикалық тұрғыда тиімсіз. Осы орайда вице-министр жер қойнауын пайдаланушыларды газ өндіру мен қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ газ сатып алудың жаңа формуласы әзірленетіндігін атап өтті.

ҚР Энергетика вице-министрі облыс тұрғындарымен кездесті

– Бүгінде Қызылорда облысының газдандыру деңгейі 70 пайызды құрайды. Сәйкесінше, 584 мың адам табиғи газбен қамтамасыз етілген. Биыл Энергетика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы аясында 13 жоба іске асырылмақ. Бұл жобалардың ішінде Қызылорда облысы да қамтылған. Жалпы осы жылы Сыр өңіріндегі Төретам, Ақай, Бірлік, Қыраш, Жайылма, Еңбекші, Абай, Досан, Шалхия, Құттықожа, Кейден және Жиделіарық елдімекендеріне газ желілері жүргізіледі. Осыған сәйкес, шамамен 33 мың адам табиғи газға қол жеткізетін болады. Ал сұйытылған газға келетін болсақ, өңірде 6 газ толтыру станциясы және 178 автомобильге газ құю станциясы бар. Биыл «Сұйытылған мұнай газының айналымын реттеу процестерінің реинжинирингі мәселелері бойынша» Заң қабылданады деп күтілуде, – деді вице-министр Асхат Хасенов.

Кездесу барысында облыс тұрғындары өздерінің сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жиыннан кейін вице-министр БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг өткізді.

Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<