ҚТЖ өз күшімен қарыздарын өтей алады – министр

386

0

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Дефолтқа ұшырауы мүмкін деп сыналған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы былтыр 134 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Көлік министрі Марат Қарабаев айтып берді.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ҚТЖ дефолт алдында тұрғанын айтқан еді. Оның борышы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңгеге жеткен.

«Компания 2020 жылдан бері тиімді әрі жыл сайын таза пайда тауып жатыр. Мысалы 2023 жылдың қорытындысы бойынша компанияның барлық қарыздарын, міндеттемелерін төлегеннен кейінгі таза пайдасы 134 млрд теңгені көрсетті. Яғни ҚТЖ компаниясында өз берешегін өтеуге үлкен мүмкіндігі бар», – деді Марат Қарабаев Үкіметте өткен брифингте. 

Оның айтуынша, қазір жолаушылар паркін салу мен жаңартуға және локомотив паркін жаңартуға бағытталған барлық ірі жобалар ҚТЖ өз қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.

Белгілі бір жағдайларда мемлекет олардың шығындарының бір бөлігін субсидиялайды.

«Ұлттық компания алған 2,9 трлн теңге несие жылжымалы құрамды жаңартуға және ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жұмсалады. Бірақ бүгінгі күнге дейін ҚТЖ бірде-бір кредиттік қарызын кешіктірген емес. Ұлттық компанияның барлық несиелері өз уақытында төленіп отыр», – деп толықтырды министр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<