«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген тауып айтылған сөз. 1992 жылғы жаздың басы болатын. Тіршілік көзі тарылып, дүкен сөрелері босап, нан тапшы болып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілгелі тұрған шағы.
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, асып-тасып жатқан заман сағымға айналып, мыңғырған мал әп-сәтте жоқ болды. Жұмыс та қысқарып, мен қызмет жасап жатқан колледжде (бұрынғы СПТУ-187) жылына сегіз оқу тобының орнына бір ғана топқа қаражат бөлінетін болып шешілді. Мекеме басшысы Ж.Ақатаев жиналыс жасап, қысқарған қызметкерлердің тізімін оқып болған соң, улап-шулап тарқадық.
Ер-азаматтар екі қолға бір күрек деп жұмыс іздеуге кірісіп кеттік. Көкөніс, жеміс-жидек пісіп, жұмыстың қайнап жатқан мезгілі еді. Әбжан ағамыз екеуміз жүк машинасына мініп алып, оңтүстіктегі Абай базарына келдік. Сұрастырып жүріп, үлкен ауылдың ортасында орналасқан жүк машиналарының қатарына келіп тұра қалдық.
Жан-жағымызға келген шаруамызды айтайық деп шештік. Ұрыста тұрыс бар ма? «Көкөніс, жеміс-жидек болса, нақты ақшамызға аламыз», деп басқа ұлттар көп болған соң арасында ағайынды екеуміз орысшалап жар салып жүрміз. Атыздар мен бақшаларды аралап та келдік. Алайда, машинамыз толмады, жүріп кететін жүк болмаған соң, әдепкі келген тұраққа көліктің кабинасында қонуға тура келді.
Күн де қызарып батуға жақындады. Бір кезде сол жердегі құрт, сусын сатып жүрген апа қасымызға келіп:
– Әй, балаларым, сендер «нақты ақшамыз бар, қызанақ, тұщы бұрыш аламыз» деп күнімен жар салдыңдар, бұл жерде машинада түней салу қауіпті. Ақшаларыңның бар екенін айналаңдағылар есітті, өздерің жалғыз көліксіңдер. Сондықтан, ертерек кетіп қалыңдар, – деп қолындағы құртынан екеумізге бір-бірден берді де, ұсынған тиынымызды алып, бұрылып кете барды.
Үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін әңгімені естіп, төбе шашымыз тік тұрып, машинамызды оталдырып қаша жөнелдік. Ол кезде бір ауылда бір қонақүй бар ма, жоқ па? Болса да өмірі босамайтын заман. Енді қайда барамыз? Ешкімді танымаймыз, ауылымыз жердің түбінде. Машинамен салдырап бас ауған жағымызға басып келеміз.
– Жаңақорғандықтарды іздейік, табылса құдайы қонақпыз деп өтініш жасайық, – дедім мен.
– Иә, табылған ақыл, – деп, алдымыздан көрінген еңселі дүкеннің жанына тоқтай қалдық.
Келіп-кетіп жатқан жандардан:
– Осы ауылда жаңақорғандықтар бар ма? – деп екеуміз екі жақтан сұрап жатырмыз.
Бір кезде бір жігіт:
– Менің жаңақорғандық бажам бар, бірақ, үйі алыста. Жақында ғана осында көшіп келген, – деді.
– Ойбай, соған жолықтыр, – деп жата-жармастық. – Далада қалатын болдық, өтініш жасап үйіне қонып шықсақ болды, – деп асығып-үсігіп жұмысымызды айтып жатырмыз, әлгі азаматқа.
Жігіт:
– Ой, сол ма? Кеттік біздің үйге, біздің үй машина қоюға ыңғайлы, – деп көлікке үшеуміз жайғастық.
Ауылдың сыртына шығып, оқшау тұрған қазақы, төбесін қамыспен сылап жапқан қоржын тамның жанына жетіп тоқтадық. Ауылдың шыға берісінде Келес өзенінің жағасында, жолдың бойында «Келес» деп үлкен әріппен жазылған жазудың тұсында екен.
Машинадан түсісімен жігіт келіншегіне «Құдайы қонақ келді» деп тамақ істеуді ескертіп жатыр.
Біз де сыпайы амандасып, «шай ішсек болды» деп қоямыз.
Айнала кең, ашық, көкорай, сарқырап аққан су. Үстімізді қағып-сілкіп, өзенге жуынып жатырмыз. Күнімен атыз, бақша аралап, үсті-басымыз шаң болған, ыстық күнде әбден терлегенбіз.
Әлгі жігіт:
– Үйге жуынсаңдаршы, құманмен құйып тұрамын ғой, – деп ағынан жарылды.
Жағдай сұрасып әңгімелесіп жатқанымызда әп-сәтте шай, соңынан үлкен табақпен ас та келді. Артынша кең даладағы ағаштан жасалған сәкінің үстіне екі қабаттап салынған төсекке жатып, көзіміз ұйқыға кетті. Жол жүріп әбден шаршаған болуымыз керек, жастыққа басымыз тиген бетте қатып қалыппыз.
Қорқынышты түстен атып тұрсам, таң атып, күн енді қызарып шығып келе жатыр екен. Арсалаңдап бір-бірімен ойнап жүрген сүйкімді күшік пен иттің жүрген сыбдыры, ошаққа от жағуға дайындық жасап жүрген сол үйдегі келіннен басқаның барлығы ұйқыда.
Орнымнан атып тұрып, көйлегімді, нәскиімді киейін десем, екеуін де таппаймын. Әрі қарап, бері қарап болмаған соң күшіктен көріп қоямын.
Орнымнан тұрып өзеннің жағасын, үйдің артын айналып жүрсем:
– Көке, көйлегіңіз бен нәскиіңізді іздеп жүрсіз бе? Жолдасым ақ көйлек киіп шыққан екен, жағасы кірлеп қалыпты, жолаушы ғой, деген соң түнде жуып қойғанмын, – деді.
Шын ниетіммен әрі құдайы қонаққа деген ықыласына риза болып, рақметімді жаудырып жатырмын, көзімнен жасым пырт-пырт шығып. Шіркін-ай, қазағымның бізге өшпей жеткен тәрбиесі ғой. Бұндай әдеп пен қазақы әдет жайлы әкемнен талай естігенімді есіме түсірдім.
Әттең, көп жылдар өткен соң, жылы-жұмсағын беріп, құдайы қонағын құдадай күтіп алған сол бір жандардың аты-жөндерін ұмытып қалғаныма қатты өкінемін. Отыз жыл өтсе де сол уақиға еміс-еміс еске түседі. Әңгімемді оқып, хабарласып жатса, тағы да алғысымды жаудырар едім.
Қонағын құдайындай құрметтеген қазағымның пейіліне екі дүниенің абатын берсін.
Үмбет АБИБУЛЛАЕВ.
Жаңақорған ауданы





