Атырау облысындағы Құлсары қаласының жастары тағы да топталып төбелесті. Топтық төбелес кезінде жарақат алған бір жасөспірім аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болған, деп хабарлады Қазақпарат.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, топтық төбелес 19 қаңтарда түнгі мезгілде болған.
«Жылыой ауданының орталығы — Құлсары қаласында түнгі сағат 03:05 шамасында топтық төбелестің болғаны анықталды. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын жүргізді. Құқық бұзушылыққа қатысы бар күдіктілердің бәрі ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Топтық төбелестің салдарынан 3 адам түрлі дене жарақатымен Жылыой аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Оның бірі — 2006 жылғы жасөспірім аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған.
«Полиция қызметкерлері топтық төбелеске байланысты 2000 және 2007 жылы туған күдіктілерді қамауға алды. Қазір күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<