Соңғы уақытта қоғам дертіне айналып, депутаттармен екі жыл бойы талқыланған лудоманияға қарсы заң жобасына Мемлекет басшысы осы жылдың 8 шілдесінде қол қойды. Қазіргі таңда аталған заң жобасы күшіне еніп, қолданысқа енгізілді.
Ең бастысы бұл- «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл туралы» Заңының 12 бабына енгізілген өзгеріс, яғни мемлекеттік қызметшілердің ойын мекемелерінде құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуына, белгіленбеген орындарда құмар ойындарына қатысуына, телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернет арқылы ұйымдастырылған құмар ойындарына немесе бәс тігуге қатысуына шектеу қойылуы. Оған бағынбаған мемлекеттік қызметші атқаратын қызметінен босатылады.
Бұл өзгеріске дейін де Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілерге қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне баруға тыйым салынған. Сондықтан, мемлекеттік қызметшінің ойын мекемелеріне баруының өзі әдеп нормаларын сақтамау болып есептеліп, ол үшін тәртіптік жауаптылық көзделген.
Бұдан басқа, «Ойын бизнесі туралы» Заңының 11 бабына сәйкес казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар (букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың кассалары) Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Бурабай ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде тіркелген 6 казино, 9 ойын автоматы залы, 11 букмерекерлік кеңсе бар. Заңдағы тағы бір өзгеріс- енді ел аумағында лицензиясы жоқ букмекерлік кеңселер мен онлайн-казинолардың интернет-ресурстарының қызметіне тыйым салынады. Заңсыз онлайн-казино ұйымдастырушылар қылмыстық жауапқа тартылады.
Өзгеріске сәйкес 21 жасқа толмағандарға құмар ойынын ойнауға тыйым салынады. Әрбір адам бәс тігуге онлайн түрде өзіне 10 жыл мерзімге шектеу қоя алады. Өтінішті өз атынан eGOV қосымшасы арқылы беруі тиіс. Жақын туыстарының атынан арыз қабылданбайды. Бірақ берілген өтініш кері қайтарып алуға жатпайды.
Дегенмен жақын туыстары, отбасы мүшелері азаматтың әрекет қабілетін шектеу туралы заңды күшіне енген сот шешімі негізінде уәкілетті органға жақынын құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдар тізіміне енгізу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.
Сондай-ақ ойын мекемелеріне құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың, яғни мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ, мүліктік өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар, борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген адамдардың қатысуына тыйым салынады. Бүгінде бұл тізілімде 3,5 млн. қазақстандық бар.
Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын шектеулерге енгізілген өзгерістер туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен 25 мемлекеттік органға zoom-қосымшасы арқылы онлайн түрде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің, Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және оған қарасты аумақтық басқармалары, Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен сол ұжымдарда семинарлар ұйымдастырылды. Түсіндірме жүргізу жұмыстары одан әрі де жалғасады.
Мирамкүл Бибітова,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары,
Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<