Ұлттық салт-дәстүрімізбен үндесіп жатқан асыл дініміздің құндылықтарын дәріптейтін мешіт мұсылман қауымы үшін қай кезде де киелі орын саналады.
Бүгін қасиетті Құрбан айт мерекесінде аудан орталығы – Әйтеке би кентінің шығыс беткейінде асарлатып салынған «Халық» атындағы жаңа мешіттің салтанатты ашылуы өтті.
Көпшілік бас қосқан шараға арнайы барған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ізгілікке, мейірбандылыққа шақыратын мешіт қызметінің маңызы зор екендігіне тоқталып, аудан әкімінің «Құттықтауы» мен арнайы сыйлығын табыстады.
– Ең әуелі баршаңызды исі мұсылман қауым үшін қасиетті мереке – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Міне, осындай ерекше күнде біз Сіздермен «Халық» атындағы мешіттің ашылуына куә болғалы отырмыз.
Жүрегі ізгілікке толы жандардың аманатымен, бастамасымен қолға алынған «Халық» атындағы мешіттің бой көтеруіне қарапайым халықтың жасаған еңбегі орасан.
«Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» ауызбіршіліктің ерен үлгісін көрсетіп, имандылық үйінің салынуна аянбай тер төккен азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Аталған шарада сөз алған Қызылорда облысының бас имамы Абуов Болатбек қажы асыл дініміздің құндылықтарын дәріптейтін мешіт үйінің жамағатпен көрікті болатынын айтып, жастар үшін ата-ананы сыйлап, құрмет тұтуға үндейтін ілім алуына мүмкіндік жасалғанына қуанышты екендігін жеткізді.
Сонымен бірге, «Халық» атындағы жаңа мешіттің бас имамы болып бұған дейін «Әли-Муса» мешітінің бас имамы қызметін атқарып келген Бақытжан Қаниевтың тағайындалғанын айтып өтті.
Басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов та тұрғындарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, жүрек жарды лебізін айтты.
Сонымен қатар ҚР ішкі істен министрлігінің Құрметті ардагері, Журналистер одағының мүшесі Беганыш Жақсыбай мен игілікті істің басында жүрген жандардың атынан бір топ азаматтар ыстық ықыластарымен бөлісті.
Мұнан соң жаңа мешіт лентасы қиылып, құран оқылып, қонақтар ғимаратпен танысты.
Осылайша Әйтеке би кентінен бой көтеріп, заманауи үлгіде салынған «Халық» атындағы мешіт Құрбан айт мерекесінде жамағатқа есігін айқара ашты. Мұнда 700 адамдық қатымхана, неке қию залы, сүндеттеу бөлмелері және 350 адамға арналған асхана жұмыс жасайды.
Айта кетейік, мешіттің ашылуына орай ұлттық спорт түрінен сайыстар және құран жаттау жарысы өткізілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<