Желіде танымал актер әрі әзілкеш Қайрат Әділгерейдің әйгілі күйші Құрманғазы Сағырбайұлы туралы айтқан пікірі көпшіліктің наразылығын тудырды. Бұл туралы кәсіпкер Ахметбек Нұрсила әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қайрат Әділгерей өз сөзінде Құрманғазының өміріне қатысты даулы пікір білдірген.
– Құрманғазы туралы айта болсақ, ол тіпті «разбойник» болған, былай айтқанда «по-черному» жүрген. Исатай досы екеуі байлардан тартып алып, кедейлерге берген. Ал хоббиі – күй тарту болған. Бірақ осындай дүниелердің бәрін біз зерделеп, аша алмай жатырмыз. Киноларымызда да дәріптелмей келеді, – деді ол.
Бұл пікір қоғамда үлкен сынға ұшырады. Кәсіпкер Ахметбек Нұрсила әзілкештің сөзіне қатысты қатаң реакция білдірді.
– Шегірткелер құтырған заман болды. Осындай кем ақылдарға не айтуға болады? Ең үлкен қасірет – олардың әлеуметтік желіде сайрап отырғанында емес. Ең үлкен қасірет – бұларды үлкен сахнаға шығарады, киноға түсіреді, той басқаруға шақырады. Қасірет осында. Асуға ат шықпайтын арба шықты. Осы азаматты сотқа беру керек деп ойлайсыздар ма? – деді ол.
Желі қолданушылары да бұл пікірге қатысты екіұшты көзқарас білдіріп, тарихи тұлғаларға құрметпен қарау керектігін жазып жатыр.






