Құрылтай қонақтары «Сыр жұлдыздары» академиясының және тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен танысты

6

0

Кеше Қызылордаға келген Ұлттық құрылтай мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қаладағы мәдени-әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

Алдымен «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясына барды. Академияда бір мезетте 500, тәулігіне 3 мыңға дейін оқушы бассейнде, топтық жаттығу бөлмелерінде, көркем гимнастика және фитнес залдарында жаттыға алады. Үстел ойындары, жекпе-жек залдары, кескіндеме, сурет салу, resin art бөлмелері, шығармашылық шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер сыныптары балалардың бейіміне қарай қызмет көрсетеді.

Мұнан кейін қонақтар Сырдария өзенінің сол жағалауындағы заманауи тарихи-өлкетану музейін аралады. Жаңа ғимаратта 12 экспозициялық зал бар. Музей қорында 70 мыңға жуық тарихи экспонат сақталған. Құнды экспонаттар қатарына археологиялық қазба жұмыстарының ғылыми негіздемесіне сүйеніп жасалған алтын киімді «Шірік-Рабат сақ жауынгері», алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы», алтын қылышты «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» тарихи реконструкциялары қойылған. Жәдігерлер ғылыми айналымға енгізілген. Экспозициялық залдардың құрылымына, жабдықталуы мен безендірілуіне жасанды интеллект элементтері қолданылған.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі