Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылордада салынып жатқан бірқатар нысанның құрылыс алаңына барып, жұмыс барысын көрді. «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің бас мердігері «Aspan holding», бас жобалаушысы «Жоба», техникалық қадағалаушысы «Строй-Проф» серіктестіктері. Ғимарат 2252 көрерменге арналған, 9 блоктан тұрады. Онда олимпиадалық стандарттарға сай бассейн, футзал, баскетбол және волейбол алаңдары, 150 орындық конференц-зал қарастырылған. Кешен құрылысын 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Өңірде салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың спорт инфрақұрылымына қолжетімділігі жыл өткен сайын артып келеді. Жаңадан салынған спорт кешендерінде, спорт және ойын алаңдарында, жаяу және веложүргіншілерге арналған жолдарда дене шынықтыратын, күнделікті жаттығу жасайтын, жүгіретін және велосипедпен серуендейтіндер көбейген.
Айта кетейік, 4 қазан күні сол жағалауда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық Орталық стадион ашылды. Спорт нысаны УЕФА талаптарына сай, материалдық-техникалық базасы соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған. Жаңа ғимараттың жалпы аумағы 20 мың шаршы метр, жасыл алаңнан бөлек, бокс, күрестің үш түрінің, атап айтқанда, дзюдо, грек-рим, еркін күрес, фитнес, спорттық гимнастика, таэквондо және ауыр атлетика залдары қамтылған. Спорт залдары келушілерге жыл он екі ай сапалы қызмет етеді.
Ойыншыларға қолайсыздық тудырмау үшін футбол алаңының астыңғы қабатына жылу желісі жүргізілген. Жасанды көгалдың астына 2 см болатын шокпад (shockpad) амортизациялық төсемі қапталды. Бұл технология «Astana Arena» және «Kaysar Arena» стадиондарына ғана енгізілген. Барлық талапқа сай келетіндіктен, халықаралық дәрежедегі ауқымды ойындарды өткізуге толық мүмкіндік бар.
Өңірде спортты дамытуда ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Соңғы үш жылда 20 спорт кешені ашылды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендерде тағы 6 спорт кешені салынып, пайдалануға беріледі.
«Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен 2 млрд 900 млн теңгеге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Биыл қордың қолдауымен Шиелі, Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері салынып, салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар игілігіне айналды.
***
«Достық үйі» жаңа ғимаратының бас мердігері «Астана Сервис LTD» серіктестігі құны 3 млрд 545 млн теңге болатын жобаны жүзеге асыруға сәуір айында кірісті. Жыл соңына дейін құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы 3912,29 шаршы метр, бірінші қабатта ашық кеңістік форматында түрлі форумдар, лекциялар, көрмелер мен концерттер өткізуге арналған көпфункционалды залдар орналасады. Ал екінші және үшінші қабаттарда облыстық этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдарға арналған кеңселер, қызметтік бөлмелер қарастырылған.
Айта кетейік, 2022 жылдан бері облыс аумағында жаңадан 15 мәдениет нысаны салынды. Барлық 7 ауданда 11 млрд 500 млн теңгеге «Руханият орталықтары» бой көтерді. Сондай-ақ «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі пайдалануға берілді.
Өткен жылы мәдениет саласының қызметкерлеріне арналып алғаш рет көпқабатты тұрғын үй салынып, 40 қызметтік пәтер табысталды. Бұл мәдениет қызметкерлерін қолдау бағытындағы маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі болды.
***
Бір ауысымда 100 келушіге қызмет көрсететін емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысын «Мелиоратор» серіктестігі қолға алған. Жобаның жалпы құны 36 млрд 416 млн теңге, құрылыс аумағы 47,9 мың шаршы метр. Нысан 10 блоктан, атап айтқанда, емхана, пансионат, конференц-зал, тамақтану, физиотерапия, қабылдау, әкімшілік, реанимация, химио және радиотерапия, сондай-ақ, операция бөлімдерінен тұрады. Заманауи талаптарға сай аурухананы 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Аймақ басшысы бұл өңірдің денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастама екенін атап өтті.
– Алдағы уақытта Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен Қызылордада бірнеше медициналық нысан салынады. Осы аурухананың іске қосылуын халық күтуде. Жаңа көпбейінді медициналық орталық аймақ тұрғындарының денсаулығын қорғау ісіне тың серпін береді. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімі қатаң бақылауда болады. Басты мақсат – халық игілігі үшін заманауи әрі қолжетімді емдеу орталығын уақытылы іске қосу, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, Президент тапсырмасына сәйкес 12 облыста заманауи перинаталдық орталықтар салу көзделген. Қызылорда қаласында халықаралық тәжірибе мен жаңа медициналық технологиялар енгізілетін 200 төсектік заманауи перинаталдық орталық салу жоспарлануда. Нысанға 2,7 гектар жер учаскесі бөлінді. Алдағы жылы республикалық бюджет есебінен құрылысы басталады. Жоба құны 48,8 млрд теңге.
Сонымен қатар, Сырдария өзенінің сол жағалауына орналасатын 500 келушіге арналған емхананың жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге жергілікті бюджеттен 148 млн теңге қаралды. Қазіргі таңда құжаттама мемлекеттік сараптамаға ұсынылған, қорытындысы 15 қарашаға дейін алынбақ. Жобаның құны шамамен 14 млрд теңге, құрылыс келесі жылы басталады.
***
Президент саябағы аумағында ауқымды абаттандыру және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Бас мердігер «Bi Global» ЖШС жобаға сәйкес 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңын, 4 спорт және 4 workout, 7 демалыс аймағын, 4 фудкорт, теннис үстелдерін, биіктігі 50 метр болатын айналмалы дөңгелек аттракцион, би алаңын, стритбол, вело және жүгіру жолақтарын, сахна, сарқырама каналдары мен олардың үстінен өтетін көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдарын, арқан саябағы мен модульдік санитарлық нысандар орналастырмақ.
Саябақта жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы (қысқы бақ) бой көтеріп келеді. Бұл нысандардың бас мердігері «Alem Qurylys AQ» ЖШС осы аумаққа спорт блогын, іс-шараларға арналған event-аймақ, тұрғын корпустар, қонақ үй үлгісіндегі шағын ғимараттар, дәстүрлі киіз үйлер, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы және сахна салуды қарастырған.
Сондай-ақ Сырдария өзені үстінен Президент саябағы мен Астана шағын ауданын байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі салынады.





