Құрылыс материалдарын өзімізде өндіреміз

461

0

Аймақтың орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз ету жеке кәсіпкерліктің даму деңгейіне тікелей тәуелді. Сондықтан салаға қолдау көрсету – мемлекеттің басты қызметі.

Сыр елінде кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бағдарламалар арқасында бизнесін одан әрі дамытып жатқан кәсіпкерлер бар. Облыс кәсіпкерлері «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қолдауымен кәсіпорындарын кеңейтіп, өндірісті өркендете отырып, жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтуда. Сондай кәсіпкерлердің бірі – Жұмабек Сәдуақасов. 2006 жылдан бері брусчатка, бордюр секілді құрылыс материалдарын өндірумен айналысатын ол өткен жылы кәсібін кеңейтуді қолға алған.

Құрылыс материалдарын өзімізде өндіреміз

– Мемлекет кәсіп бастаймын дегендерге мол мүмкіндік сыйлады. Біз де сондай мүмкіндікті пайдаланып, 2021жылы «Сбербанктен» «Даму» қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында субсидиялау құралы бойынша қолдау алдық. Қазір ісіміз жүйелі, жұмыс ойдағыдай жүруде. Бастысы, тапсырыс көлемі жеткілікті, – дейді кәсіпкер.

«CT-KZ» түріндегі тауардың шығарылған жері туралы сертификат алғаннан кейін өнімге түрлі мекемелерден тапсырыс көптеп түсе бастаған. Сондықтан, өнімділікті арттыруды мақсат еткен кәсіпкер қаражатты жүк көлігі, басқа да техникаларды алуға бағыттағанын айтады. Осылайша, өз бизнесін толығымен автоматтандырған. Сәйкесінше өндіріс көлемі де артқан. Кәсіпорын күніне 3 мың дана қабырға блоктарын, 300 кв брусчатка шығаруға қауқарлы. Сонымен қатар үлкен жолға жиегіне төсейтін, жиектастарды күніне 2000 дана шығара алады.

Бүгінде кәсіпкер 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қызметкерлерге барлық жағдай жасалып, тіпті ыстық тамақпен де қамтылған. Өндіріс орны тас төсеніштер, жиек тастар, қабырға материалдарын шығаруға қажет құм мен тасты, басқа да қажетті шикізаттарды облыс аумағынан алады. Ал өндіріске қажет цемент «Гежуба Шиелі Цемент» зауытынан. Жұмабек Сәдуақасов алдағы күндердің еншісіне белгілеген жоспарлар да көп екенін айтты. Орайы келсе, кәсіптің көкжиегін кеңейтуді ойлайды.

Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<