Құрылыс қатаң бақылауда

89

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық стадионның құрылыс жұмыстарының барысын тексеріп, жауапты басшыларға тапсырма жүктеді.

Қызылордадағы халықаралық стан­дарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық орталық стадион жақын күндері ашылады. Спорт нысаны УЕФА талаптарына сай, материалдық-техникалық базасы соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған.

Жаңа ғимараттың жалпы аумағы – 20 мың шаршы метр. Жасыл алаңнан бөлек, бокс, күрестің үш түрінің, атап айт­қанда, дзюдо, грек-рим, еркін кү­рес, фитнес, спорттық гим­настика, таэквондо және ауыр атлетика залдары қам­тылған. Спорт залдар келушілерге жыл он екі ай сапалы қызмет етеді. Ғимарат үш қабатты. Бірінші қаба­тында спорт түрлеріне ар­налған жат­тығу залдары, екінші қабатында әкім­шілік бөлмелер, үшінші қабатында спорт­шылар үшін және ауқымды жиын­дар өткізуге арналған бөлмелер қарастырылған.

Барлық талапқа сай келе­тіндіктен, халықаралық дәре­жедегі ауқымды ойын­дарды өткізуге толық мүмкіндік бар.

Айта кетейік, облыс орта­лығында құны 20 млрд 500 млн теңгені құрайтын «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы жүр­гізілуде. Бұл нысанда олим­пиадалық стан­дарт­тарға сай 50 метрлік бассейн, Әлем және Азия чемпионаттарын өт­кізуге арналған 2500 орын­дық зал, олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жат­тығу зал­­дары қамтылады. Құры­лысы 2026 жыл­­дың екінші жартыжылдығында аяқталады.

Өңірде спортты да­мы­ту­да ауқымды жұ­мыс атқарылып ке­леді. Соңғы үш жылда 20 спорт кешені ашылды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ая­сында елді мекендерде тағы 6 спорт кешені салынып, пайдалануға беріледі. «Қазақстан халқына» қорының демеу­шілігімен 2 млрд 900 млн теңгеге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Биыл қордың қолдауымен Шиелі, Жалағаш аудандарында жаңа спорт ке­шендері салынып, салауатты өмір салтын ұстанатын тұр­ғындар игілігіне айналды.

Одан кейін облыс әкімі сол жағалаудағы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған 320 және 280 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылыс алаңына барды. Мердігер мекемелер – «Ер Ару» және «Мелиоратор» серік­тестіктері.

Өңір басшысы жақын күндері пайдалануға берілетін үй иелерімен кездесіп, құрылыс талаптарының сақталуы бақы­лауда екенін айтты.

Еске салайық, кейінгі үш жылда қаржыландырудың бар­­лық көзінен 2 млн 500 мың шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілді. Биыл бюд­жеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салу­шылардан дайын 3 800-ге жуық пәтерді сатып алуға қаржы бөлінді. Заманауи жаңа дизайнмен салынған 7, 9, 12 қабатты тұрғын үйлер қаламыздың сәнін келтірді.