Ел экономикасының маңызды қозғаушы күші саналатын құрылыс саласында қай кезде де жұмыс қызу. Сыр өңірінде саланың даму қарқыны жоғары деп есептеуге болады. Мұны облыс басшылығының тізгіні Нұрлыбек Нәлібаев қолға алған кейінгі төрт жылдағы көрініс айқындап берді. Осы уақыт ішінде аймақта жаңадан заман талабына жауап беретін тұрғын үйлер, инфрақұрылымдық нысандар мен әлеуметтік объектілер көптеп салынды.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2022-2025 жылдар аралығында 341,8 млрд теңгеге 1238 жоба жүзеге асырылды. Оның 103-і – әлеуметтік нысандар, 1014-і – тұрғын үй, 121-і – инженерлік инфрақұрылымдар. Өткен жылы 89 жоба аясында құрылыс жұмысын жүргізуге 137,8 млрд теңге бағытталды.
– Кейінгі төрт жылда қаржыландырудың барлық көзінен 3,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5148 пәтер табысталды. Аймағымызда алғаш рет соңғы үш жылда барлық ауданда жаңадан 1700-ден астам пәтер салынып, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар қоныс тойын тойлады. Былтыр 2477 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына және оны сатып алуға бюджеттен 36 млрд теңге бөлінді. Қаржыландырудың барлық көзі есебінен 939,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы жылы бюджеттен 84 пәтерлі 2 тұрғын үй құрылысын салуға және 2232 пәтер сатып алуға 55,6 млрд теңге бөлінді, – делінген хабарламада.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2026-2030 жылдары Қызылорда облысында 3,9 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Биыл қаржыландырудың барлық көзі есебінен 950 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр.
Сыр елінде әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылысы да бір сәтке дамылдаған емес. Басқармадан белгілі болғандай, төрт жылда білім беру саласында 42, денсаулық сақтау саласында 41, мәдениетте 22, спорт саласында 24 жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында облыс орталығында бой көтеріп, қаланың сәніне сән қосқан Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы, 11 мың орындық стадион, Келешек мектептері, дәрігерлік амбулаториялар, автовокзал, «Достық үйі», «Құзыреттілік орталығы» және тағы басқа бірқатар ірі нысанды атауға болады. Әуежай терминалы Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдың соңында ашылды. Жобаны іске асыруға «Болат Өтемұратов қоры» 16,6 млрд теңге инвестиция салды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Ал еліміздің футбол картасынан лайықты орын алатын заманауи аренаның ашылуы еліміздің спорт тарихында айтулы күн болғаны рас. Стадион UEFA-ның 4-санатына сәйкестендірілген, жасыл алаң халықаралық стандарттарға сай жасанды төсенішпен жабдықталған, заманауи жарықтандыру және дыбыс жүйелері орнатылған. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейдегі спорттық және мәдени шараларды жоғары сапада өткізуге мүмкіндік береді. Бәсекеге қабілетті, заманның жаңа шақыртуларына дайын, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу – мемлекет алдындағы стратегиялық маңызды мәселе екенін ескерсек, отандық білім саласын дамытуда Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасының маңызы айрықша. Жоба аясында 54 млрд 391 млн теңгеге 10 жаңа мектеп салынды. 2023 жылдан бері 5 млрд 700 млн теңгеге 9 мектептің жанынан қосымша ғимарат бой көтерді. Бұл арқылы өңірдегі үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Жастардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған қос қабатты, сәулеті ерекше «Құзыреттілік орталығының» 1000 орындық ғимараты қайтарылған активтер есебінен салынған. Мұнда студенттер халықаралық кәсіби шеберлік жарыстарына дайындалады. Орталық сарапшылық қауымдастықты дамыту, жұмысшы мамандықтардың танымалдығын, оған жастардың қызығушылығын арттырудың бірыңғай жаттығу базасына айналмақ.
Жыл басында еліміздің өңірлік бөлінісінде құрылыс жұмысы көлемінің ұлғаюы жөнінен алдыңғы орындағы облыстар аталды. Айтарлықтай өсім тіркелген өңірлер тізімінде Қызылорда облысының (11,3%) болуы – сырбойылықтар үшін зор мақтаныш. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық салаларында оң өзгеріс байқалатынын Мемлекет басшысы Қызылордада өткен тарихи Ұлттық құрылтайда жеткізген болатын. «Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады» дей келе, Президент бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





