Құтты мекен – Қосүйеңкі

80

0

Қаратау етегіндегі көп елдің бірі – Қосүйеңкі. Түтін саны 120-дан асатын шағын ауыл аудан орталығынан 35 шақырымдай жерде жатыр. Кәсібі – мал шаруашылығы. Көбіне-көп ұсақ мал мен жылқы төлін ұстайды. Ал ел ішінде ара-тұра есік алдына бақша егіп, көктем туса көкөністің түрлі тұқымын тастайтындар бар. Өйткені, мұнда аяқсу жеткілікті. Ауыл іргесінде шымырлап шығып жатқан бұлақ бар.

Тарихтан аз-кем

«Ежелден тамыр жайып екі үйеңкі,

Ауыл содан атаныпты «Қосүйеңкі».

Атыңнан айналайын, құт мекенім,

Қасиетің көп сенің бас иетін…»

Бұл – осы елден шыққан ақын, тіл маманы Гүлмараш Ибаханованың жыр жолдарынан үзінді. Ал тарихта кері айналдырсақ, көне Жібек жо­лы­ның Сыр бойымен өткені белгілі. Бұ­рынғы керуен ізі Жаңақорған же­рінен алыс емес. Аңызды індетсек, біз әңгімелегелі отырған ауылдың жа­­нындағы көп бұлақтың бірінде қос үйеңкі талы өсіпті. Тіпті кешегі күнге дейін екі ағаштың шіріген діңі жат­қан көрінеді. Ал сол үйеңкілердің кө­леңкесінде әрлі-берлі өткен сауда ке­руендері түйесін шөгеріп, кейбірі түнеп те сапарын жалғастырған деседі. Мұны қазіргі Қосүйеңкі ауылдық ар­дагерлер кеңесінің төрағасы, ұзақ жыл­дар мал шаруашылығында тер төк­кен Қалмұрат Мұсабеков ағамыз айтып берген.

– Қосүйеңкі ауылы құрылмай тұ­рып, мұндағы халықтың ата-бабалары Қаратау ішіндегі «Ынтымақ» өзені­нің жағасында өмір сүрген. Дұры­сы, 1928-1930 жылдары тау бөкте­рі­нен «Ынтымақ», «Талдысу», «Қос­үйеңкі» колхоздары құрылған. Бұлар мал шаруашылығымен айна­лы­сыпты. Ал араға 20 жылдан астам уақыт са­лып, 1953 жылы бұл кол­хоздар ірілен­діріледі. Осылайша «Қазақ­станның ХХХ жылдығы» атындағы ұжымшар құ­рылған. Орталығы – қазіргі Қос­үйеңкі ауылы. Сол уақыттары біздің елде мектеп, малшы ағайынның бала­лары жатып оқитын интернат салы­ныпты. Тіпті көрші Бірлік, Қыраш, Та­лап, Егізқара елді мекендерінің ба­лалары осында білім алған. Сол 1954 жылы соғыс ардагері, ұстаз аға­мыз Мамырай Үсенов халықты ұйыс­тырып, асарлатып мектеп салғанын мақ­танышпен айтамыз, – деді Қал­мұрат аға.

Кейіннен, дәлірек айтсақ, 1957 жылы колхоздар совхозға бірікті­ріл­ген. Қосүйеңкі сол уақытта «Бірлік» сов­хозының №3 фермасы болып атал­ған. Халықтың кәсібі сол, мал мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіреді. Ал бергі уақытқа келсек, 2005 жылы Қосүйеңкі өз алдына қайта бөлініп шыққан. Ауылдық округ атанып, ал­ғашқы әкімі ретінде ауыл азаматы Жанай Жанпейісовтің аты белгілі. 2021 жылдан бері екі мәрте халық сайлауымен жергілікті азамат Әлімхан Ахтаев осы тізгінді ұстап келеді.

Біз көргендей, Қосүйеңкінің ұзына бойы орналасқан көшесі теп-тегіс. То­лық асфальтталған. Әрі түнгі жарық­шамдар орнатылыпты. Ұялы байланыс пен интернет желісі де кедергісіз. Таза ауызсу құбыры әр үйге тартылған. Ауылда 11 жылдық №161 орта мек­теп, емхана, клуб пен кітапхана, 40 орын­дық «Балбұлақ» балабақшасы жұ­мыс істеп тұр. Кәсібі төрт түлік бол­ғандықтан мұнда ветеринарлық пункт те бар. Ал 2010 жылы кәсіпкер Мейрамбай Аманұлы өз қаражатымен мешіт тұрғызыпты.

Тынымбай туған топырақ

Қосүйеңкі – қасиет қонған мекен. Тау етегіндегі ауылдан ел ауызында жүрген тұлғалар, би-болыстар, ақын-жазушы, өнер қайраткерлері, ғылым докторлары, Еңбек ерлері, КСРО чем­пионы, әндері халық жүрегінен орын алған сазгер, қаламы қарымды журналистер түлеп ұшқан.

От тілді, орақ ауызды Құлан ақын Алдабергенұлы, атақты қаламгер Дүкенбай Досжанов, сазгер Бексұлтан Байкенжеев, әр саланың ғалымдары Әб­жан Құрысжанов, Әшім Исамбаев, Жұмахан Мұстафаев, Жарылқасын Тұрлыбеков, ақын Файзулла Сахиев, журналист Ертай Бекқұлов сынды халыққа белгілі азаматтар осы мекенде туыпты. Одан кейінгі буын – ел үшін түрлі салада қалам тербеген Ал­мас Досжанов, Ерубай Қалдыбек, Құ­дайберген Ертасов, Мағираш Тұр­сы­н­ова, Асылхан Бакиров сияқты қос­үйеңкіліктер есімін ауылдастары мақтаныш етеді. Тіпті өзіміз сүйіп оқитын, әр шығармасы ауыл өміріне арқау болған, бүгінгі көзі тірі классик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ты­нымбай Нұрмағанбетовтың да осы топырақтан екенін баса айтып кетке­німіз жөн.

Расымен жазушы Тынымбайдың көп шығармасы Қаратау мен Қосүйеңкі ма­ңайындағы байырғы тіршілікпен байланысты. Оның «Қауын иісі», «Ке­лін», «Бөрібайдың тымағын ит алып қаш­қан қыс», «Қош бол, ата» және тағы басқа кітаптарындағы аңғал ауыл кейіпкерлерінің көбі осы мекеннен десек, қателеспеспіз.

Қылмыстан ада ауыл

Ауыл әкімі Әлімхан Ахтаевпен тілдескенімізде, мұнда бес жылдан бері қылмыс тіркелмегенін айтты. Ал осы елдегі азық-түлік сататын үш дү­кенде мүлде спирттік сусындар са­тылмайды екен. Расы сол, көп қылмыс пен құқықбұзушылықтың басты се­бебі болатын арақ-шараптың бұл ауылдан алыстағаны қуантады.

– Мен бұған дейін ауылдық клуб директоры қызметін атқардым. Ма­мандығым – мәдениет саласының қыз­меткері. Ауылды абыроймен бас­қарған Жанай Жанпейісов ағамыз зейнет жасына келген соң, ел-жұрттың алқалауымен сайлау деген додаға түс­тік. Сол 2021 жылдың шілдесінде ба­сым дауыс жинап, әкім қызметіне келдік. Биыл да екінші мәрте халық қалауымен осы жұмысты жалғастырып отырмыз.

Қазір ауыл жастарының оқуға, кәсіп істеуге деген құлшынысын өзім ризашылықпен қолдаймын. Әрі ел­дегі үлкендердің тәрбиесі бо­лар, балаларымыз түзу жолда келеді. Зиянды нәрселерден аулақ, ұрлыққа жоламайды. Марат Жанпейісов есімді учаскелік полиция қыз­мет­кері елдің азаматы. Оның да Қосүйеңкіде қылмыс болдырмауда еңбегі көп, – деді ауыл әкімі.

Қосүйеңкіде әкім­дік жанынан ардагер­лер мен әйелдер және қоғамдық кеңес, жастар ұйымы құрылған. Бұ­лар­­дың ел ішіндегі тәр­бие ісімен айналысуда кө­мегі көп. Сондай-ақ үкі­меттік емес ұйымдар жер­гі­лікті билікпен тығыз бай­ла­ныста.

– Облыс басшысы мен ау­дан әкімдігінің қолда­уы­мен ел­ді мекенге «көгілдір отын» құбы­рын жүргізуді қол­ға алмақ­пыз. Қазір мұның барлық жоба-сметалық құжаты са­раптамадан өтіп қойды. Ен­ді газдандыруға қар­жы бөлін­генін күтіп отырмыз. Одан бөлек, алдағы уақытта ауыл­да клуб үйін салу жос­парланып отыр. Жас­тарға арналған спорт кешенінің құрылысы да ойлас­ты­рылуда. Жұмыссыздыққа қатысты мәселені ел ақсақалдары мен қоға­м­дық кеңес мүшелері арқылы бірлесіп шешеміз. Әрине, мұғалімдік не бас­қа да мамандықпен әрі конкурс арқы­лы түсетін талапкерлерге біздің тала­сымыз жоқ. Бірақ ауыл ішіндегі санау­лы мекемеге техникалық қыз­меткер, жұмысшы, тазалықшы қажет болса, алдымен біз ұсынған жұмыссыз, үйіне кіретін табысы аз ауылдас қызметпен қамтылуы тиіс. Өйткені, өз басым әкім ретінде шағын ауылдағы кімнің қан­дай жағдайда өмір сүріп, тіпті үйінде қандай ас ішіп отырғанын да білемін. Жалпы мұны барлық ауыл әкімі білуі тиіс, – деп ағынан жарылды Әлімхан Ахтаев.

Айтпақшы, демеушілер көмегі­мен елді мекенге кіреберіс кө­пірге 500 мың теңге көлемінде жөндеу жұмысы жүрген. Сондай-ақ көше бойындағы 150 метр жер қоршалып, тал егіліпті. Ауыл сыртындағы қорымға барар жолға да көпір түсіп, тас жол төселген.

Төл кәсіпті түрлендірген

Қосүйіңкіде мал шаруашылығы бұ­рынғы ізбен жақсы дамыған. Қазір ел ішінде 20-дан аса шаруа қожалығы бар. Басым бөлігі – төрт түліктің айналасында.

«Нұр-Абыл» шаруа қожалығының иесі Әбдіразақ Жақсыбековпен ауыл ішінде жолықтық. Ұсақ малдан бастап, ірі қара, жылқы санын көбейткен ол ел ішінде бола бермейді екен. Көбіне өз аяғымен тебіндей жайылатын Қамбар ата түлігін жиі түгендесе, енді бірде мың бастан асатын қойдың жем-шөбін дайындап, жайылымын ауыстырып жүргені.

– Қожалықта 1156 бас қой, төлін қосқанда 150 бас сиыр тұқымы, 80 бастай қылқұйрық бағып отырмыз. Үкіметтен ұзақ мерзімге 1500 гектар жайылымдық жерді жалға алдық. Мемлекет қолдауымен мал басын асыл­дандыруға екі жыл бұрын ақбас тұқымды екі бұқа сатып алдым. Суб­сидия есебінен мұның жартысын мемлекет өтеп берді. Қой тұқымында да осындай шаруалар жүріп жатыр. Қазір өзімнен бөлек, екі адамды тұ­рақты жұмыспен қамтып отырмын, – деді шаруа қожалығының төрағасы.

Ауылды аралай жүріп кездестірген тағы бір кейіпкеріміздің есімі – Ос­панхан Мұсаев. Ол атадан қалған ұс­талық өнерді меңгерген. Қазір Жа­­ңақорған ғана емес, барлық ел ау­ма­ғына тапсырыспен қазақтың төл аспабы – домбыра жасап келеді.

Құтты мекен – Қосүйеңкі

– Атам да, өз әкем де елдің мінген жылқысына ер шапқан, етік пен тымақ тіккен шебер болды. Сол уақытта ат мінген қай қазақ болмасын, алдымен ер-тұрманын түгелдейді. Әрі оның түрі де көп. Орыс ер, құранды ер дей­міз, үйрекбас ер дегені де бар. Қан­мен келген қасиет болар, өзім осы өнер­ден алыстамадым. Біраз жыл мек­тепте «Технология» пәнінен сабақ бер­дім. Қазір осы кәсіпті айналдырып келемін. Тапсырыспен домбыра істеп, сатылымға шығарып отырмын, – деді қолөнер шебері.

Оспанханның айтуынша, домбы­раның сүйегі көбіне-көп жаңғақ пен ақ қайың ағаштарынан дайындалады. Ал оны жасауға екі күн уақыт кететін көрінеді.

– Кәсіп бастауға «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы арқылы алынған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиенің көп көмегі болды. 6 млн теңге қаражат берілген еді. Бұған қажетті 4 станок пен өзге жабдықтар сатып алдым. Тапсырыс көбіне Жаңақорған, Қызылорда және Түркістан қаласынан түседі, – дейді Оспанхан.

Сөз соңы. Қарт Қаратауға иек артып жатқан шағын ауылдың ынтымақты тірлігі осындай. Бүгінде жергілікті ха­лықтан бөлек, осы ауылдан шығып, алыс-жақын қалаларда жүрген азамат­тар Қосүйеңкіге бір қайырылмай кеткен емес. Ел ішіндегі қандай да бір елдік іске олар да атсалысып, ауылын ардақтауда аянбай жүр. Иә, бірлігін бекемдеген ел осындай жолдан тайма­са керек. Қосүйеңкідегі бұл үрдіс өзге қазақы ауылға үлгі болса дейміз.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы».

Жаңақорған ауданы