Ақын, сатирик, драматург Асқар Кіребаев есімі Сыр бойына ғана емес, еліміздің әдеби ортасына жақсы таныс.
Ол 1946 жылы Жалағаш ауданы «Ақарық» ауылында өмірге келген.
ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. «Сырдария» газетінде корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен. 1981 жылдан облыстық «Ленин жолы» газетінде әдеби қызметкер, Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы меншікті тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.
1993 жылдан республикалық газеттердің меншікті тілшісі, 1996-2000 жылдары Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің редакторы, мұнан соң облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ драма театрының директоры қызметтерін атқарды. Соңғы жұмысы «Қазақпараттың» облыстағы аймақтық тілшісі болды.
2008 жылы өмірден өтті.
Бұл – қағаз жүзіндегі өмірбаяны ғой. Енді өзімнің жанымнан айтайын.
Мен 1993 жылы институт бітіріп, облыстық газетке келдім. Сол кезде Асекең де күнара газет редакциясында жүретін. Ол кісі сол кезде республикалық «Ауыл», «Заман-Қазақстан» газеттерінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі екен. Сыртынан білетінмін. Менімен бірінші көргеннен-ақ бұрыннан танитындай сөйлесті.
– Дүйсенбек, біз туысқанбыз ғой, – деді. Менің ойым рулық жағына кетіп, ойланыңқырап қалғанмын, соны байқап, – Ақындардың бәрі бір рудан, – деп күлді.
Руластықтан рухтас жақын болады екен, сол күннен бастап өте жақын жандарға айналдық.
Редакцияға келсе Қази екеумізді алдымен іздейді. Сол кезде бүгінгі елуді еңсерген белгілі журналистер көктемгі жапырақтай балғын қыз-жігіттер еді. Асқар келсе, бәрі жиыла қалады. Сөздің шыны, пәленше келе жатыр десе, бой тасалап қалатын адамдарымыз да бар ғой, Асқар келе жатыр десе алдынан шығатынбыз. Асекеңнің әңгімелері қызық, әңгіме болып басталып, анекдотқа айналып кетеді. Бәрімізді қыран-топан күлкіге қарық қылады. Өзінің болмысы сондай таза, жүзі жылы, түр-сипатында адамды тартып тұратын тылсым бардай.
Екеуіміз көп әңгімелесетінбіз. Асекең сонау жетпісінші жылдардың басында аудандық газетте Әскербек Рахымбеков, Айжарық Сәдібеков, Махмұтбай Әміреев, Ибрагим Исаев, Өріс Яшкурова, фотосуретші Болат Омарәлиев бәрі бірге қызмет еткен. Газетте істемесе де Иранбек Оразбаев пен Темірше Сарыбаев та сол кезде Қызылордада екен.
Бірде Асекең: «Жеке-жеке шабыт қумай, біз де Алматы сияқты әдеби орта қалыптастырайық. Оған ат қояйық» депті. Осы ұсыныспен «Тәжмамиран» деген ұйым ашады, жай, еш жерде тіркелмеген ұйым. Ақындар бас қосатын орта. Шынымен де осы орта өлең оқып, пікір айтатын алаңға айналып, оған жан-жақтан көп ақындар шоғырланған.
Айтпақшы, әлгі атауды тарқатып айтқанда былай: Т – Темірше, Ә – Әскербек, Ж – Жанұзақ, М – Махмұтбай, А – Асқар, М – Мұхамеджан, Иран – Иранбек.
«Тәжмамиранның» ай сайынғы басқосуларына сырттан келген ақын-жазушы қонақтар қатыса бастайды. Жауапкершілік күшейеді. Сонымен бір күні Иранбек, одан кейін Темірше Алматыға біржола көшетін болады да, ұйым тарап кетеді. Тарап кетті деген де әшейін сөз, сексенінші, тоқсаныншы жылдары да Қызылорда ақын-жазушылардың ордасы атанды. Солардың басын қосып, біріктіретін де Асқар ағамыз болатын. Дәмханаға апаратын, үйіне шақыратын, әйтеуір ақындардың басқосуынсыз өтетін күн аз еді.
Бір жылы Асекең екеуміз Нұртас Оңдасыновтың сексен жылдығына арнап Түркістанда өткізілген мүшәйраға бардық. Сонда мені тізімге жаздырып жүрген де Асекең. Мен мүшәйрадан үшінші орын алдым. «Біраз ақынның алдын орадың» деп арқамнан қақты, Асекең.
Бұл ол кісінің қамқорлығы еді. Жастарға өте қамқор пейілді кісі, ешкімді жатырқамайды.
Ал енді қарлығыңқырап шығатын қоңыр даусымен өлең оқығанда алабөтен.
Жүйрік ат, қыран бүркіт,
құмай тазы,
Қазақты сері емес деп кім айтады.
Азаматты өткінші байлық емес,
Бір тұлпары жоқтығы мұңайтады.
Беу, тұлпар жібек жалды
жануарым,
Қашаннан болдың сесім, бағым,
арым.
Жалғыз аты болса егер
маңдайында,
Жігіттің болған емес жаны жарым.
Осы өлеңді оқығанда мен үнсіз қалатынмын. «Жақсы өлеңге қол шапалақтамайды» деген бір тәмсіл есіме түсетін. Бірақ сол сөзді дәлелдемек оймен емес, біртүрлі өлеңде өзім бар сияқтымын…
Ақын Асекеңді бір жылы театр директоры қылып қойды. Сол кезде оның «Махаббат пен ғазауат» деген драмасын көрдік. Мен бұл жанрға шығарманы қалай жазуды білмеймін, таңғалдым! Шығарманың шынайылығы сонша, жылағың келеді. Қырқыншы жылдардың өмірі қазаббат екен-ау.
Кейін мен Ақжарма ауылының ақсақалдарымен сөйлескенімде тура сол драманың түпнұсқа сюжетін тыңдадым. Өмірдің өзі драма деген осы екен.
Асқар ақын бізге, өзінен кейінгі буынға ұстаздық етті, өлеңде де, өмірде де. Қаламгер-журналист Қази Данабаевпен дос болды. Ол кісілердің қарапайым тірліктегі қалпының өзі өнеге болатын.
Асекең өмірден өткенде жан досы Иран-Ғайыптың «Мына дүниенің бәрін қай кезде жүріп жазған» деп артында қалдырған рухани дүниелеріне таңданыспен баға бергенін естіген едім. Шын мәнінде Асқар Кіребаев өте еңбеккеш және жазғандарын аса биік талғаммен жариялайтын қалам иесі еді.
Біздің қолымызда ақынның бірнеше кітабы бар, ішіндегі қайта-қайта қолға алғаным – «Іңкәрдариясы». Асекең сөз тазалығына өте ұқыпты, көшпенді жұртымыз тұтынған тұрмыстық заттарының атауын, халқымыздың салт-дәстүрін түгел білетін.
Бірде маған 1988 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан балаларға арналған өлеңдер жинағының шыққанын, сондағы редакторлардың қасқыр туралы өлеңін алып тастағанын айтты. «Неге?» дедім, мен.
Ол өлеңнің оқиғасы былай екен: Бір шопан қонысына жақын жерден қасқырдың апанын көріп, аңдып жүріп енді көзін ашқан күшіктерін өлтіріп тастайды. Осыдан соң қасқыр аңдып жүріп, киіз үйде шешесінің қасында жатқан алты айлық баланы тістеп ала қашып, қыр басына апарып, тамағынан орып өлтіріп, өзі жайына кетеді.
Әлгі баспаның редакторлары жас жігіттер екен. Бұған сенбестік білдіріпті. «Алдында бір отар қой тұрғанда жанын жалдап киіз үйге кіріп, одан баланы алып қашып және оны жеп қоймай тастап кететін ол қасқыр ауыш па әлде вегетарианец пе?» депті олар.
«Қасқырды суретінен ғана көрген жігіттерге мен табиғат заңының күрделілігі, тілі жоқ болғанымен әрбір жаратылыс иесінің өзіне тән ақыл-санасы, жазылмаған бұлжымас заңдары болатынын қанша дәлелдесем де, түсіндіре алмадым» деп күйінді сонда, Асекең.
Көпшілік Асекеңді ешқашан ашуланбайтын, тек қана әзіл айтып жүретін адам есебінде қабылдайтын бірақ, біз білетін Аскең ұлттық болмыс, тек, рух мәселесіне келгенде көп нәрсеге құлазып қалатын.
Ағамыздың артында өлмес сөзі бар, Гүлжахан жеңгеміз, Шыңғыс, Серік, Алмас есімді алтын асықтай ұлдары бар.
Бүгін тілі қылыштан өткір, ділі қылдан нәзік арқалы ақын ортамызда жүргенде сексен жасқа толғанын тойлайтын едік.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»





