Жаңақорғанда кір сабын шығару кәсібінің көкжиегі кеңейіп келеді. Осыған дейін екі кішігірім өндіріс орны болса, олардың қатарына тағы біреуі қосылды. Демек, нарықтағы бәсеке арта бастады. Бүгін кішкентай ғана ауылда кәсібін жаңғыртып отқан кәсіпкер қыраштық Индира Тлеуханқызының берекелі бизнесін айтпақпыз.
Күніне 200-ге жуық сабын өндіретін шағын цехта әзірге екі маман жұмыс жасайды. Өнім аудан орталығындағы сауда орындарына жөнелтіледі екен.
«Әрине аудан нарығын өзіміздің өніммен толық қамтамасыз ету қиын. Өйткені, сұраныс жоғары, әрі, дүкендер мен сауда үйлерінің саны да жетерлік. Дегенмен өзіміздің өнімге сұраныс болуы көңіл қуантады. «Жобамның құны 6 млн теңгені құрады, әзірге ауыл тұрғындары мен кенттегі дүкендерге жөнелтудеміз. Егер сұраныс көбейсе, қосымша қаржы көздерін қарастырып, кәсібімізді кеңейтуге ниеттіміз», – дейді Индира ханым.
Мемлекет мүмкіндігін тиімді пайдалана алған кәсіп иесі осы ісін ілгерілету үшін тағы да бағдарламаларға қатысып көруге ниетті.
Айта кетейік, өткен аптада аудандағы өндіріс орындарының басшылары арнайы аудан әкімімен меморондумға отырып, жергілікті өнім өндірушілерді қолдауға уәде етті. Бұл кәсбін енді бастаған кәсіп иесіне үлкен қолдау болмақ.






