Қырға сапар көп мәселені қамтыды

601

0

Былтыр Арал ауданында орын алған қуаңшылық жағдайы халықтың есінен кеткен жоқ. Соған байланысты аудан көлемінде жоспарланған шаралар әлі де болса жалғасып жатыр. Сондай жұмыстардың бірі су ұңғымасын қазу болатын. Осы орайда аудан әкімі Серік Сермағамбетов Жақсықылыш кентінде болып, Ащықұдықтағы су ұңғымасын көзбен көріп қайтты.

Мұндағы су ұңғымасын қазу жұмысын жүргізіп жатқан «LTD PRAID» ЖШС-ның участок басшысы Қайрат Сапарғалиевтың айтуынша судың шығу тереңдігі жоспарланған деңгейден әлде қайда жоғарыдан шыққан. Қазірде 60 куб су шығып жатқан ұңғыма мұндағы қожалық иелерінің де қуанышын еселеуде. Осы уақытқа дейін Сексеуіл кентінде бір ұңғыма қазып, халықтың алғысына бөленген азаматтармен алдағы уақытта да бірлесе жұмыстар жүргізілетіні белгілі болды.

Қырға сапар көп мәселені қамтыды

Сондай-ақ Ащықұдықта аудан басшысымен кездескен ауыл ақсақалдары басқа да ұсыныстарын жеткізіп, жасалған жұмыстар үшін алғыс білдіріп, ақ батасын берді.

Аудан әкімінің сапары одан әрі Абай ауылдық округіне қарасты Ерімбетжаға ауылында жалғасты. Алдымен №18 негізгі мектепте орналасқан Сайлау үйінің жұмысымен танысқан аудан басшысы осы мектепте ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Шалғайдағы шағын ауылдың тұрғындары да келіп бірқатар мәселелерді көтерді. Солардың қатарында көп уақыттан бері көтеріліп келе жатқан ауызсу, жол қатынасы, көшені жарықтандыру және мобильді интернет жұмысының сапасы төмендігі де сөз етілді. Тұрғындардың тілегіне жауап берген аудан басшысы елдің жайы қашанда биліктің басты назарында болатынын жеткізіп, алдағы уақыттарда бұл жұмыстардың заң аясында шешу жолдарын қарастыратынын айтты. Бірақ алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу жұмысы жүргізілетіндігін де хабардар етті. Мәселен аудан бойынша алдағы 5 жылда 14 мектеп салу жоспарланып отырғанын білдірді.

Балалар ойын алаңының қажеттігі туындап отырған Ұлы Отан соғысы кезінде 70 азаматты майданған аттандырған ауылға Тағзым алаңы да керек. Ескі мектепті ауыл игілігі үшін жаратуға жағдай жасауды да аудан әкімінен өтінді.

Ерімбетжағаға жасаған сапарында аудан әкімі құрылысы 2005 жылы салынған ауыл кітапханасының бүгінгі жағдайын да көзбен көрді. Қорында 7271 кітап бар бұл кітапхананың бүгінде 200 тұрақты оқырманы бар.

Сондай-ақ ауыл жанындағы тоғанда балық өсірумен айналысып отырған жергілікті кәсіпкердің де жұмысымен танысты. Кәсібін дамыту үшін қолдау көрсетуге әзір екенін айтты.

Одан кейін Абай ауылдық округінің орталығы Қарақұм ауылдық округіне барған аудан басшысы №59 орта мектепте орналасқан Сайлау үйін көріп, одан әрі осы мектептегі Абай ауылдық тарихи-өлкетану музейін аралады. Тарихы терең Қарақұмның кейінгі ұрпаққа берер құнды жәдігерлері көздің жауын алып, көп жылғы тарихты алға тартып тұр.

Мұнан соң аудан басшысы мектептің акт залында ауыл тұрғындарымен кездесіп, көптеген мәселенің түйін тарқатқан жиын өтті. Тұрғындардың ұсынысы мен тілегін тыңдаған аудан әкімі алдағы уақытқа жоспарланған көптеген жұмыстарды айтып, бірге табысты жұмыс істейтіндеріне сенім білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<