Қырғызстанда жойқын сел тасқынынан қазақстандық балалар көз жұмды

660

0

Фото: kabar.kg

28 маусымда Қырғызстанда нөсер жауын-шашын салдарынан Ош облысының Ноокат ауданында жойқын сел тасқыны өтті. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі  осының салдарынан тұрғындар мен туристер арасында зардап шеккендер бар екенін мәлімдеді.

Қырғызстанның Төтенше жағдай министрлігінің алдын ала берген ақпараты бойынша, қаза тапқандардың арасында Қазақстанның кәмелетке толмаған азаматтары бар. Қазіргі таңда екі баланың денесі табылып, тағы екеуін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Табиғи апат орнында қырғыз тарапының құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр. Қазақстандық дипломаттар жергілікті билікпен тұрақты байланыста.

«Біздің Қырғызстандағы Елшілігіміз қайтыс болған балалардың туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп жатыр. Бұл қайғылы оқиға ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше бақылауында», – делінген СІМ хабарламасында.

Осыған байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қырғызстан СІМ басшысы Жээнбек Кулубаевпен телефон арқылы сөйлесіп, төтенше жағдайдың мән-жайын және екі елдің тиісті мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылын талқылады.

Ош облысының Ноокат ауданында сел салдарынан 5 адам қаза тауып, тағы екеуі із-түзсіз жоғалғанын жазған едік.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<