Қыркүйектен бастап елімізде қаңғыбас иттер көбеюі мүмкін

809

0

Сурет ашық дереккөзден

1 қыркүйектен үй жануарларын міндетті есеп қою қағидаты күшіне енгенде елімізде қаңғыбас иттер саны артуы мүмкін. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Талғат Ердешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынымен де қаңғыбас иттер санының арту қаупі бар. Бірақ, қаңғыбас иттердің бәрі жергілікті бюджет арқылы чиптеліп, уақытша ұстау орындарына орналастырылады. Мұндай иттер көбейіп кеткен жағдайда олардың санын жергілікті атқарушы орган реттейді. Кәрі, өмір сүруге қауқары жоқ иттерді ветеринарлық комиссия шешімімен адамгершілікпен өлтіруі мүмкін», – деді комитеттің бас сарапшысы елордада өткен брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, тіркеуден жалтарып, ит пен мысығын қаңғыртып жіберген адамдар жауапкершілікке тартылады.

«Есепке алудың чип, қарғыбау, болюс сынды 6 бұйымы бар. Оларды үй жануарларының егесі өзі таңдайды. Бұл нарық болғандықтан, бағасы да әртүрлі болады», – деді ол.

Айта кетейік, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына сәйкес, биыл 1 қыркүйектен бастап мысықтар мен иттерге чип тағу және оларды арнайы есепке қою міндетті болады.

Қазақстандықтар үшін электронды жүйеге жануарлары туралы ақпаратты енгізу – тегін. Дегенмен, чип тағу үшін мысық пен ит иелері өз қалтасынан ақша төлеуі тиіс. Оны өтеуге мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қызмет түрі тегін болмақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<