Сыр өңірінің дамуына серпін берген Нұрлыбек Машбекұлының туған жерге ту тігіп, басшылық тізгінін қолға алғанына тура төрт жыл толып отыр. Тарих таразысына салғанда, бұл – қас-қағым сәт. Ал ел тағдырын арқалаған басшы үшін үлкен сын, зор жауапкершілік, тынымсыз еңбекке толы кезең.
Құрылысшы ретінде мені өңірде құрылыс саласының өркен жайғаны қуантады. Өйткені экономиканың негізгі драйвері саналатын саланың серпінді дамуы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Өңірде білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет инфрақұрылымын дамытуға, халықты тұрғын үймен қамтуға басымдық беріліп отыр. Әлбетте, бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың тұрмысына тікелей әсер етеді. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының білім саласына қолдауы ерекше. Жастардың ештеңеге алаңдамай, білім-ғылыммен айналысуына толық жағдай жасалған. Жап-жаңа ғимараттағы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы жас өрендердің өнерге, ғылымға, технологияға қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін шыңдауға мүмкіндік береді. Ал жуырда қаламызға таңғажайып көрік берген, заманауи сәулетімен ерекшеленетін «Құзыреттілік орталығы» ашылып, бүгінде ол бизнес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арналған ортақ алаңға айналды. Орталық қызметі жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеріп, қоғамда еңбек адамдарын танымал етуге, дәрежесін көтеруге, ең үздік қоғамдық және өндірістік дәстүрлерді дәріптеуге, жастарды кәсіби еңбекке баулуға бағытталған. Қызылорда облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд 391 млн теңгеге 10 жаңа мектеп салынды. Мемлекет басшысы «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек» деп атап өткен болатын. Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – осы, ауылдың, қаланың баласы деп бөлмей, оларға тең жағдай жасау. Мұнда балаларға тек білім беріп қана қоймай, болашақта өмірде қажет болатын дағдыларды да үйретеді.
Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп келеді. Инфрақұрылым жаңарып, экономика мен әлеуметтік сала жаңғырды. Төрт жылда аймақта 200-ден астам әлеуметтік нысан салынды. Былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл өңір халқын жұмыспен қамтуға, жергілікті өнім шығаруға ықпал етеді. Халықтың тілегіне сай инвестиция есебінен өндіріс орындары салынып, өндірістің тамырына қан жүгірді.
Бұл – аз уақыттың ішінде атқарылған ауқымды істердің бір бөлігі ғана. Нұрлыбек Машбекұлының басқару стиліне тән нақты нәтиже мен жүйелі жұмыс Қызылорданың даму қарқынын айқын көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы да Сыр еліне жұмыс сапарымен келгенде облыстың дамуын оң бағалады. Мұның артында Нұрлыбек Машбекұлының талапты да тегеурінді басшылығымен атқарылған қыруар еңбек, елдің ауызбірлігі мен іскер азаматтардың қолдауы тұрғанын ұмытпауға тиіспіз.
Мұрат ТЛЕУМБЕТОВ,
облыстық мәслихат төрағасы






