Жексенбі күні Қытайда жаңа Конституция бойынша республикалық референдумға арналған дауыс беру учаскелері ашылды. Олар Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінде, сондай-ақ Қазақстанның Шанхай, Сиань және Гонконг қалаларындағы бас консулдықтарында жұмысын бастады. Бұл туралы Қазинформ агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі хабарлады.
Жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:00-де қазақстандық дипломаттар мен сайлау комиссияларының мүшелері Қытайдағы дауыс беру учаскелерінің ашылу салтанатын өткізіп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындады.
Қытайдың төрт қаласындағы учаскелерде дауыс беру Астана уақыты бойынша 04:00-ден 17:00-ге дейін (жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін) өтеді.
Дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды толтыру учаскелік сайлау комиссиялары тарапынан жергілікті уақыт бойынша 20:00-де басталады.
Дауыс беруге Қытай аумағында тұратын немесе уақытша жүрген Қазақстан азаматтары қатыса алады. Қытайдағы дауыс беру учаскелерінің мекенжайлары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында жарияланған.






