Қытайдан Қазақстанға туристік пойыз қатынай бастайды

249

0

Фото: Pixabay

Қытайдың туристік агенттігі «Сиань — Алматы» бағытында пойыз қатынасын ұйымдастыруға қызығушылық танытты. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Жәнібек Тайжанов мәлім етті.

«Бұл мәселе пысықталып жатыр. Жыл басында Қытайдағы әріптестерімізге хабарластық, әзірге жауап жоқ, бірақ олар бұл мүмкін деп отыр. Сондай-ақ, Қытайдың туристік агенттігі «Сиань — Алматы» бағытында пойыз қатынасын ұйымдастыруға қызығушылық танытып, маусым айына жоспарлауда. Айта кететін жайт, бұл — туристік пойыз, ұйымдастыру жағын Қытай толығымен өз мойнына алады. Пойызға, жолсеріктер мен жолаушыларға толығымен өздері жауапты. Жоба іске қосылғаннан кейін өз тарапымыздан пойыз бағыттарын іске қосуға қатысты келіссөз жүргіземіз», — деді Жәнібек Тайжанов ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, басқарма басшысы бұрын Алматы мен Үрімші арасында пойыз жүргенін айтты.

«Коронавирус етек жайғанда Қытай тарапы пойыз қатынасын жапты, содан бері пойыз жүрмейді. Бүгінде елімізден халықаралық пойыздар Ресей мен Өзбекстанға барады. Айта кетсем, жыл аяғында немесе келесі жылдың басында «Қарағанды-Мәскеу» рейсін қайта жандандыруға келістік, ал қазір Қарағандыдан Самараға тікелей пойыз жүреді», — дейді ол.

Бұған дейін елімізде пойызда қандай заңбұзушылықтарға жиі болатынын хабарлаған едік. Брифинг барысында Ұлттық вагон паркі 700 заманауи вагонмен толығатыны айтылды. Айта кетейік, елімізде әйелдерге арналған пойыздар саны артады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<