Қытайдың солтүстік-батысындағы Шэньси провинциясында мерзімі шамамен 3 000 жылға жуықтайтын 31 көне қабірден тұратын кешен табылды, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.
Археологтардың хабарлауынша, бұл олжа сол кезеңдегі саяси және әлеуметтік өмірді зерттеуге маңызды деректермен қамтамасыз етеді.
Табылған қабірлер «Чанчунь» деп аталатын көне қоныс қирандыларының бір бөлігі саналады және Вэйнань қаласына қарасты Фупин уезінің аумағында орналасқан. Мұндағы қазба жұмыстары 2022 жылдың тамыз айында басталған және оларды Шэньси провинциясының археология институты, Вэйнань қалалық мұражайы және Фупин уезінің мәдениет пен туризм басқармасы бірлесіп жүргізіп келеді.
Сондай-ақ археологтар арбалар мен жылқылар жерленген бес шұңқырды да тапқан.
Шэньси провинциясының археология институтының кіші ғылыми қызметкері Ли Яньфэннің айтуынша, аталған қабірлерді морфологиялық ерекшеліктеріне қарай төрт санатқа бөлуге болады.
Олардың ішінде M1 және M2 нөмірлі қабірлер салыстырмалы түрде жоғары дәрежелі жерлеу орындарына жатады. Қазба жұмыстары барысында бұл қабірлерден 300-ден астам артефакт, соның ішінде қола, нефрит, тас және теңіз қабыршағынан жасалған бұйымдар, сондай-ақ лакпен қапталған заттар табылған. Олардың ішінде адам мен айдаһар бейнесі салынған нефрит алқалар, нефриттен жасалған клевецтер және тастан жасалған гонгтар ерекше көркемдігімен көзге түседі.
Ал шағын қабірлерде тек бір ғана табыт қолданылған, әрі қола бұйымдар мүлде болмаған. Зерттеушілер бұл жерлерден тек қыш ыдыстар мен қабыршақтан жасалған әшекейлерді ғана тапқан. Осыған байланысты қабір иелері қарапайым халық өкілдері болуы мүмкін деген қорытынды жасалды.
Ли Яньфэннің айтуынша, қыш және қола бұйымдардың пішіндік ерекшеліктерін салыстыру, сондай-ақ M1 және M2 қабірлеріндегі адам сүйектеріне көміртек-14 әдісімен жүргізілген зерттеу нәтижесінде, археологтар қазба орнындағы қалдықтар Батыс Чжоу әулетінің орта және кеш кезеңіне (б.з.д. 1046–771 жылдар) жатуы мүмкін екенін анықтаған. M2 қабірінің иесі — ер адам, болжам бойынша ол қоныстың билеушісі болған, ал M1 қабірінде оның жұбайы жерленген.
— Қабірлер дәрежесі жағынан әртүрлі болғанымен, олардың рет-ретімен орналасуы «әулеттік жерлеу» және «орталықтандырылған қоғамдық зират жүйесінің» ерекшеліктерін көрсетеді, — деп атап өтті Ли Яньфэн.
Еске сала кетсек, 2025 жылы әлемдік археология ашқан ең маңызды 10 жаңалық туралы жаздық.






