Қытайлықтар Сәбиттің ерлігіне де, терезенің сапасына да тәнті болды

521

0

Астанада 8-і қабаттағы терезеден үш жастағы сәбиді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевтың ерлігіне шетелдіктер де тәнті болып жатыр. Солардың ішінде қытайлықтар да қазақ жігітінің ерлікке парапар ісіне мақтауын жаудыруда. Айта кетсек, күні кеше ғана 8-қабаттағы терезеден салбырап тұрған 3 жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаевтың оқиғасын шетелдік ақпарат құралдары да жазды.

ҚазАқпарат агенттігінің осы оқиға туралы жаңалығы бүкіл әлемге, соның ішінде Қытайға да кеңінен тарап кеткен еді. Қытайтілді қолданушылардың көбі Twitter-де бұл оқиғаға пікір білдіріп, Сәбиттің әрекетін қолдап, эмоцияларын да қалдырыпты. Олардың бірі былай деп жазды:

«Тірек нүктесі жоқ жерде өзі әрең ілініп тұрып ол баланы өз денесімен ұстап алды. Бұл шынында таңқаларлық жағдай. Сонымен қатар, оған терезеден үйге оралу оңай болған жоқ. Бұл құтқару оқиғасы шынымен де қатты әсер етті. Мықты, сапалы терезелер де көмектеседі екен».

Тағы бірі батырды мақтап, ұзақ ғұмыр тілеп: «Бұл керемет құтқару оқиғасы. Жақсы адамдар ұзақ өмір сүреді» деген пікір қалдырды. «Өте ғажайып сәт екен, егер мен сол жерде болсам, қызды құтқармақ түгілі осыған қарап тұруға да батылым жетпес еді…» деп те жазыпты.

Ең қызығы, көптеген қытайлық желі қолданушылары Сәбиттің ерлік істерін мақтай отырып, Қазақстандағы ғимараттардың терезелерінің сапасын да әңгіме етіп жатыр. Кейбіреулері терезені шығарған зауытты да мақтау керектігін айтыпты.

Осы уақыттарда ҚазАқпарат агенттігінің қытай тіліндегі Twitter желісінде Сәбиттің баланы құтқарып жатқаны түсірілген видео 67 мың рет қаралып, 500-ден астам адам оны бөліскен. 2 мыңнан астам лайк басылып, 90-ға жуық адам пікір қалдырған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<